Жаңа қойылым!!! Премьера!
“61”
(құттықтау)
Серік Асылбекұлы – профессор, жазушы-драматург, жасы 60-тар шамасында.
Нұрмет Рауан – студент, Ұзынбұлақтан, жасы 21-де.
Муса-Ахунов Акрам – студент, Жамбыл облысынан, жасы 21-де.
Жарықбаев Әлібек – студент, Жаңақорғаннан, жасы 21-де.
Жансанов Медет – студент, Байқоңырдан, жасы 20-да.
Оқиға 425-аудиторияда өтеді. Осы ҚазҰПУ-дың 2009 жылы оқу жылын бастаған студенттері аса ерекше. Олар әдебиет пәнінің оқытушысын – Серік Асылбекұлын күтіп отыр.
Серік Асылбекұлы 1951 жылы 18 қыркүйекте Қызылорда облысының Қазалы ауданында дүниеге келген. 1973 жылы ҚазПИдің (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетін тәмамдаған.
1973-1980 жж. мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1980-1986 жж. республикалық «Жалын» баспасының редакторы, 1986-1992 жж. «Жалын» журналының бөлім редакторы, 1992-1993 жж. Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жетекші маманы, 1993-1998 жж. «Жазушы» баспасының көркем проза бөлімінің меңгерушісі, 1998-2001 жж. «Парасат» журналы бас редакторының орынбасары, 2001-2008 жж. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, доценті, профессоры болып қызмет еткен. Қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істейді.
«Кешігіп қайтқан тырналар» (1981), «Оттан да ыстық өмір» (1984), «Мұғалімдер күні» (1986), «Зимние каникулы» (1989), «Прощальный бал», (1993), «Сағыныш» (1994), «Ата жұртта» (1996), «Түнгі қаланың әні» (2005) атты прозалық кітаптар мен республика театрларының сахналарында қойылған «Рәбиғаның махаббаты», «Желтоқсан желі», «Бір түнгі оқиға», «Күзгі романс» деп аталатын пьесалардың авторы. Республикалық театр фестивальдарының жүлдегері, көптеген конкурстардың жеңімпазы. «Қазақ мәдениеті – қазақ мемлекеттілігінің жүрегі» (2003), «Қазақ повесі (Генезис, Эволюция, Поэтика)» атты монографиялардың авторы. «Сырдария кітапханасы» деген сериямен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан таңдамалы әңгімелері мен повестерінің, пьесалардың екі томдығы жарық көрген.
«Бір түнгі оқиға» пьесасы бойынша қойылған спектакліне 1998 жылы Тараз қаласында өткен республикалық театр фестивалінің бас жүлдесі берілген. Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының лауреаты. Филология ғылымының кандидаты.
Бір кезде аудиторияға Серік Асылбекұлы да кірді. Студенттер де толқып, тыныштық табар емес.
Серік Асылбекұлы әдетінше аудиторияны тынышталдырып, студенттерді түгендеуді бастады. Қолындағы қаламымен партаны ұрыңқырап, тыныштықты талап етуі – профессор мырзаның көп көріп, көп оқығандығын, өмір жолын аңғартады.
Сәлден соң трибунаға Муса-Ахуновты шығарды.
Акрам: (терең ойланып) Құрметті, Серік Асылбекұлы! Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Ұстаздық шеберлігіңізді көріп, алдыңыздан шәкірт болып өткеніме шексіз қуаныштымын. Сізге шығармашылық табыс пен халықтың шексіз махаббатына бөлене беруіңізді тілеймін. (орнына отырады)
Профессор Асылбекұлы әзірше үндеген жоқ. Ортаға Нұрметті шығарды.
Рауан: (керемет сезімге бөленіп) Аса қадірлі ұстазымыз, Серік Асылбекұлы! Сізді туылған күніңізбен құттықтаймыз! Еңбекте табыс, өмірде сәттілік тілейміз. Сізге:
Талмасын ақ алмастай қаламыңыз,
Жақсылықта әрдайым назарыңыз.
Асқарлы алпысыңыз құтты болсын,
Жүзге жетіп нұрлансын ажарыңыз! – деп, тілек білдіргім келеді. (орнына отырады)
Ағайдың көңілі шаттанып, жүзі жайнады. Шәкірттері тілек білдіріп, таң қалдыра бастады. Одан соң Жансановты да шығарды.
Жансанов: Серік ағай, сізді туылған күніңізбен шын көңілден құттықтаймын! Алла тағала асыл өміріңіздің бүгіннен кейінгі жылдарын ұзақ етсін! Сол жылдарыңыз жақсылыққа, әділдікке, адамгершілікке, даналыққа, мейірбандыққа, т.б. асыл құндылықтарға толсын. Ағайын-бауырларыңыз, туған-туыстарыңыз, дос-жолдастарыңыз, бала-шаға, немере-шөберелеріңіз әрдайым сізбен бірге бір кемеде, бір арнада, өмірдің бір ағысында болсын. Әлі де қызықты-қызықты тартысқа толы тың тақырыптағы шығармаларыңыз көбейе берсін! Алла тағала сізге де, бізге де жар болсын! (бұл да кетеді)
Трибунаға Жарықбаев та шығып, өзінің ақындығына салып екі-үш шумақ өлеңін арнайды.
Осылайша, дәрістің соңына шейін студенттер ұстазға деген ізгі тілектерін жан-жақтан білдіреді. Бәрі де мәз-мейрам болып, ду қол шапалақты жаңғыртады.
Соңы.