Ұстаз — ұлы есім. Сан ұрпақты тәрбиелеген баға жетпес тұлға. Қай заманда болсын бұл мамандыққа сұраныс жоғары болған. Өйткені, елдің өркениетті, ұлдары мен қыздарының білімді болуы бірінші кезекте осы тұлғаға байланысты екені тарихпен дәлелдеген шындық. Дегенмен, уақыт өткен ұстаздарға деген көзқарас өзгерген сыңайлы. Не себепті? Ата-анамыздың әңгімесіне сүйенсек, олар бұрын ұстаздарды көкке көтеріп, ерекше сыйлай білген. Бұл қазір оларды сыйламаймыз деген сөз емес. "Алдын кесіп өтпей, мұғалімнің көзіне түспеуге тырысамыз" деген сөздерінен осы сала мамандарына деген үлкен құрметті байқаймыз. Ал қазір ше? Мектепке келген жас маманға кейбір жоғары сынып оқушылары тарапынан тыңдамаушылық байқалады. Жасы үлкен қарт ұстаздарды сыйлауды да ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Әкеміз бен анамызды оқытқан мұғалімнің сабағы маңызды еместей. Өкінішке орай, айтылған сөздерді тыңдамау, қалыпты әдетке айналып бара жатқандай. Өз құқықтарын жақсы білетін оқушылар, өз міндеттерін жете біле бермейді.
Қазіргі таңда, мұғалім мамандығын екінің бірі ала алады. Педагогика саласына жыл сайын айтарлықтай мемлекеттік гранттың бөлінетіні де баршамызға жақсы белгілі. Болашақ ұстаздардың бірқатары осы мамандықты жүрегімен қаласа, біреулері ата-анасының кеңесімен таңдайды. Мамандық таңдауға толық ойланбастан шешім қабылдаған олардың соңғылары алдағы кезеңде қалайша мұғалім болмақшы? Тұрғындар арасында бұрын да, бүгін де "мұғалім болса, далада қалмайды" деген стреотип бар. Иә, аталған мамандық иесіне кез келген мектептен жұмыс табылар. Бірақ аса ниетсіз оқыған оқудан, санасына тоқымаған білімнен ол ертең қалайша сабақ береді?
Сөз соңында білім мен ілімге үйрететін ұстаздарымызды сыйлай білейік! Ал ұстаздардың абыройы мен беделіне білімі де сай болса екен дегім келеді.