ҰСТАЗ - ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰЛЫСЫ
блог
Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті.
К.Д.Ушинский
Әлемдегі мамандық төресі – ұстаздық болса керек. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, барша мамандық иелерін оқытып үйрететін ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ шығар, сірә. Орыс ғұламасы Анатолий Луначарскийдің «Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам» деген ұлағатты сөзі ұстаздың ұлылығын дәріптегендей. Расымен, ұстаз жүрек жылуын, мейірім шапағатын, адамгершіліктің ұлылығын баланың бойына дарыту, шәкіртке ата-анасындай тәрбие беру мен жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беруді мақсат етеді.
Білім алушы – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады. Мәселен, Бердақ - Күнқожаны, Шәкәрім - Абайды, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Жамбыл – Сүйінбайды, Абылай хан - Төле биді өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтып, өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі мол екенін жақсы білген. Осы орайда мен де өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр-сырын ашқан, өмірге деген көзқарасымды өзгерткен ұстаздарға деген алғысымның айрықша екенін жеткізгім келеді. Табиғаты сені еріксіз баурап алар Ойыл ауданы - менің мектеп табалдырығын алғаш аттаған туған жерім. «Білім» деген алып теңізге алғашқы ұстазым - Жұбаева Жангүл Оңайбайқызымен бірге жүзіп, ұстаз салған сара жолдан тәлім ала отырып, жаңа өмірге қадам бастым. Ұстазым екеуіміздің арамыздағы ыстық қарым-қатынас, қамқорлық пен сыйластықтың жемісі бүгінде менің биік белесетерді бағындыруыма себеп болып отыр.
Ұстазды құрметтеу – өз біліміңнің күштілігін мойындау болса керек. Білімді құрметтемеген, ұстазын сыйламаған оқушының ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы баршамызға аян.
Ұстаз туралы дана сөздер көп десем қателеспес едім. Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген болатын. Ұстаным төңірегінде адал да белді қызмет атқарып, елеулі істерімен көпшілікке еленіп жүрген мектептердің бірі - Ақтөбе қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі. Мектептің басты тұлғасы, айнасы мұғалімдер екені бәрімізге аян. Мектебіміздің ұстаздар ұжымы мен жатақхана тәрбиешілері дарынды оқушыларға білім берумен қатар, өнегелі тәрбие мен өмірге деген талпыныс дарыта отырып, адам болып қалыптасуымызға септігін тигізуде. Мен мектеп ұжымындағы барлық оқытушылар мен екінші анамдай болған тәрбиешілеріме бас ие алғыс білдіремін. Олар берген тәлім мен үшін өмірлік азық болмақ. Алайда, сүйікті ұстазым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Димисанова Алтынай Батырханқызын ерекше атап өткім келеді. Мектепке алғаш келгенде Алтынай Батырханқызы қамқор болып, құшағын кең жайып, жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіме ықпал жасап, бірде анам, бірде сыр бөлісер апам бола білді. Маған үнемі өзінің бойындағы бар мейірімін, білімін, өмірлік тәжірибесін, рухани ішкі байлығын беруге тырысады. Білгенін үйретуден жалықпаған ұстазымның жан-жақтылығы, біліктілік дағдылары, мінез-қалпы, шынайы білім, шарапаттылығы маған қалған әдет болса екен деймін. «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» дегендей, жақсы ұстазға кезігіп, жолым болған менің алған тәлім-тәрбием өмір майданында мойымай күресуге, болашақ жолдарда бағытымнан таймай жүруіме көмектеседі деп сенемін.
XXI ғасырдағы жаһандану заманында білімнің биігіне көтерілген білім алушылардың елі үшін аянбай еңбек етуі – ұлтының мәртебесін асқақтатары сөзсіз. Бұл жолда салмақ ұстаздар қауымына жүктелмек. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген-ді. Сол себептен білімнің көшін абыроймен алға жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына талабы таудай шәкірт және шыдамдылық, шыңды бағындырар орасан күш тілеймін.
«Бала болашағы – менің қолымда» деп аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздар қатары көбейе берсін!