Ұстаз деген ұлы есім
блог
Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,
Мұғалімдей көнбіс адам жоқ әлі.
Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,
Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары.
( Ү. Уайдин )
Үмбетбай Уайдиннің осы өлең жолдарын оқи отырып, ерекше әсер алдым. Өмірде әртүрлі мамандық иелері көп. Бірақ соның шыңында тұрары мұғалім деп түсінемін.
Бағбан күтсе ағашын,
Жапырақ жаяр мәуелі.
Бермесең қалай бағасын,
Қастерле оны әуелі.
Дихан да жерін сүйеді,
Топырағы анасы.
Адамзат басын иеді,
Кімнің бар оған таласы?
Ұстазды бірақ бағбанға,
Диханға да теңеме.
Ұстазға тең жоқ жалғанда,
Тұрағы шың төбеде.
Ұстаздың жасы нақ өмір,
Білімді, білгір кемеңгер.
Жаны жомарт абзалдың,
Адамдық арды сол білер, -
деген жолдар да ақынның шын жүрекжарды сезімі екені байқалады.
Біздің ата-апаларымыз «бұрын үлкендер «Мұғалім бол, балам!» деп бата-тілектерін беретін» деп отырады. «Мұғалім бол!» деген бір ауыз сөзде қаншама терең мағына бар. Өйткені мұғалім – жай ғана мамандық иесі емес, үлгі, өнеге беріп, жаңа ұрпақтың, яғни, бүкіл халықтың болашағын айқындаушы. Ұлттың ең озық ойлы өкілі.
ХІХ ғасырдың басында халқымыз жаппай жарыққа ұмтылған кезде қалыптасқан ұғым. Шынында да, қазақ мұғалімі осы жоғары сенім, ауыр міндетті абыроймен атқарды. Бүгінгі біздің білімді боп қалыптасуымызға да ұстаздар қауымының үлесі зор.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» деп есептеген. Шынында да, құнды қасиеттерге ие рухани адамды қалыптастыру – оның туған кезінен басталса керек.
Адамның Адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор. Яғни, мұғалімге болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген.
Баланы тәрбиелеу білім берумен ғана шектелмейді, бұл баланың сезіміне әсер ету арқылы ішкі дүниесін оятудың нәтижесінде оның дүниетанымын жетілдіреді.
Адамгершілік құндылықтар үлкен мен бала арасындағы шынайы қарым-қатынаста беріледі. Көзге көрінбейтін, өте нәзік сезімді, аса құнды қасиеттерді жүректен жүрекке үзбей жеткізу тек шебер мұғалімнің ғана қолынан келеді. Оны мұғалімді құрметтейтін әр шәкірт түсінері сөзсіз. Өйткені ұстаз – екінші ана. Осы ретте мен өзім білім алатын №148 мектеп-гимназияның мұғалімдер қауымына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
«Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен әл-Фараби. Осы ойдың тереңіне үңілер болсақ, ұстаз – бізге білім ғана емес, тәрбие беретін негізгі тұлға! Оған айғақ, тәрбиеге шақырар сынып сағаттары, әдеби кештер, кездесулер мен сыныптан тыс іс-шаралар. Оның басы қасында жүретін сынып жетекшісінің оқушы үшін орны бөлек. Оқушылардың табиғатқа ізгілік қатынас мәдениетін қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі – көркем әдебиет өнердің жетекші түрлерінің бірі бола отырып, көркем өнерді танып-білудің жалпы эстетикалық заңдарын қалыптастырады. Көркем әдебиет оқушының эстетикалық дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, оны бойына сіңіруге мүмкіндік алады. Сондықтан әдебиет пәнінің оқушы жүрегінен алар орны ерекше. Әдебиеттің мәнін түсінген, сезінген ұрпақ қана оның адамгершілік-эстетикалық мазмұнымен сусындап, оның ана сүтіне қанығады. Әдебиет өнермен егіз іспеттес.
Ал осы пәнді жете меңгертуді мақсат ете отырып, бізге дұрыс тәрбие беруді көздейтін, менің сынып жетекшім – Салықбаева Асия Абылайқызы. Талай асуларды артқа тастап, алға қойған мақсатына үздіксіз еңбектің нәтижесінде жетіп, сол күндердің жемісін бүгін көруде деп ойлаймын мен сынып жетекшімді. Ол алдына келген шәкірттерін білімді де білгір қылмайынша тыным таппай, кірпік қақпайтын ерекше жан. Ұясынан ұшқан шәкірттерін қияға қондырып, құзға шығарған, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, өзімнің екінші анамдай болған ұстазымды ешқашан ұмытпақ емеспін.
«Қалауын тапса, қар жанар» демекші ұстазымның мектеп ішінде, тіпті, аудан, қала көлемінде озық ойлы, білгір, білімді маман екені бәрімізге мәлім.
Ұлы әл-Фарабидің «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығына бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» деген сөзі біздің Асия Абылайқызына дәл айтылғандай. Яғни, сынып жетекшіміз – қатал мінезді, шәкірттеріне орынды күліп, тартымды сөйлейтін, сөзді сүйектен өткізіп, шәкірт жүрегіне жол таба білетін қайратты жан.
Өз өмірінде кетігін тауып, қаланып, тағдырдың сындарынан сүрінбей өтіп, дәл қазіргі күнде саусақпен санарлық мұғалімдердің бірі, ардақты ана – Асия Абылайқызының ұстаздық жолына шығармашылық биіктер тілеймін.