Мұғалім- өсіп келе жатқан жас ұрпақтың сәулеткері, жол сілтеушісі. Ұстаздың қолына перзентін бере отырып, ата-ана, тек қана өз баласын ғана тапсырып қана қоймай, оның еліне парасатты да зерделі қызметіне деген болашағын қоса аманат етеді. М. Жұмабаев атамыз «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтып кетсе, әр бір мектептің қызметін атқарып жүрген ол, әрине - Ұстаз. Еліміздің болашағы саналатын - жастарымызды тәрбиелеу мақсатында күні кешке дейін қызмет етіп жүрген мұғалімдерімізді қаншалықты бағалаудамыз?
Қазіргі таңда елімізде мұғалімдердің айлық жалақысы 50 мың теңгенің көлемін құрайды. Деңгейінің биіктігіне байланысты 20-80 пайыздық үстемелер қарастырылған.
Ал енді, біздің елдегі мұғалімдердің айлығын АҚШ немесе Германия секілді дамыған елдермен салыстырмаяқ қояйық. Өзімізге экономикалық тұрғыдан жақын елдерден бастайық. Мысалы, Түркияда бастама айлық 1000 АҚШ долларының көлемінде басталады. Көрші жатқан Ресей де жақында өз мұғалімдерінің айлығын 37 000 рубльге дейін көтерген. Әрине мұнда да ұстаздың шеберлігіне байланысты үстемелер қарастырылған.
Жоғарыда келтірілген фактілерге қарағанда, біздің еліміздегі мұғалімдерге деген қатынастың қандай екенін байқаған боларсыз. Яғни Қазақстандағы мұғалімдердің айлығы Түркия мен Ресейге салыстырғанда үш есе аз. Ал енді осы 50 000 теңгеге бала-шағаңызбен қоса бір ай өмір сүруге дайынсыз ба? Сабақта алғыр, үздік оқушылар өз болашағын мұғалімдікпен аз байланыстыратыны осы себептен болар? Әсіресе кейін отағасы болатын ер-азаматтарға еліміздегі бұл жағдай мүлде тиімсіз.
«Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» дейді дана Қазақ. Мүмкін, осында талқыланған мәселе жоғарыда отырған азаматтарымыздың құлағын шалар. Және де осы мақалда айтылғандай ұстаздардың ақысын толықтай өтей алатын халге жетерміз.