Ұшып жүрсем, әкем мен анам көретін шығар...
блог
Ауылда өскеннің көркем тұстары көп. 6 жасар кезімде таң енді қылаң бергенде әкем оятып алатын. Көзімді тырнап ашып уқалап, үстіме жеңіл киім іле салып, бір кесе мұздай айран сіміріп шығатынмын. Ағам, інім мұрны пысылдап ұйықтап жатады. Рахат! «Осыларды неге оятпайды екен ей, осы» деп іштей ренжіп қоямын. Әкем алдыма жиырма шақты қозыны салып беретін. Үйдің жанында таяқ тастам жерде каналда су ағып жатады. Сонын жанына шүйгін шөпке қозыларды жайып жіберіп, өзім арқамды дөңге қойып, аспанға қарап жатамын.
Көкте әлі шолпан жұлдызы жанып тұр. Күн әлі шықпаған. Ауылда өскен бала арманшыл, көкке қарап өскен бала ғарышкер болғысы келеді. Басыма сансыз ойлар кіріп шығып жатады. Жұлдыздар қайда жоғалып кетеді осы? Күн шыққанда бәрі демде жоқ боп кетеді. Шіркін, аспанда ұшып жүрсем ғой. Ұшып жүрсем, әкем мен анам көретін шығар...
Маңдайымды күйдірген күн сәулесінен оянып кетемін. Жалма-жан қозыларды іздеймін. Жоқ. Қайда кететінін білемін. Дереу үйге қайтамын. Қораның алдында әкем күтіп тұрады күліп. Екі езуі екі құлағында. «Әй, қозың өзіңнен бұрын келіп қойды ғой». Мен үндемеген күйі жүгіріп барып тапшанның үстіне секіріп мініп, таңғы асқа отырам. Күнде осылай қайталанады.
Осы оқиғаны бір досыма айтсам: «Қозыны тойғанын тойған бойда жіберіп тұрдым» деп айтпадың ба әкеңе» деп қарап тұр.
Қазір барып таң атқанда қозы бағып, дөңге шалқамнан жатқан күйі тағы да армандар ма еді! Эх, балалық шақ.