ҰШТЫ-КҮЙЛІ ЖОҒАЛҒАН ҰШАҚТАР
блог
Малайзия әуежайынан көкке көтерілген Boeing-777-200 рейсінде алдын ала берілген мәлімет бойынша Қытайдың-154, Малайзияның-38,Үндістанның-5, Индонезияның -7, Австралияның -7, АҚШ-тың -4, Францияның-3, Ресейдің-3, Канада, Украина және Жаңа Зеландияның екіден азаматтары болған. Сонымен бірге экипаждың 12 мүшесінен де хабар-ошар жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, Пекинге қарай ұшқан Боинг-777 ұшағы Вьетнамның су жағалауының үстінде іс-түзсіз кеткен. Қазір әлемнің онға жуық елінің кемелері мен жоқ іздеген ұшақтары мұхит үстін шарлап жүр. Әзірге ешқандай дерек жоқ. Дүйсенбі күні Оңтүстік-Қытай теңізі суының бетінен май дақтарының табылғаны айтылды. Бірақ мұның жоғалған ұшаққа еш қатысы жоқ болып шықты. «Бұл ондаған шақырымға созылған су бетіндегі май мұнай таситын танкерлерден қалған болуы мүмкін» деген болжам айтылды. Кеше АҚШ Қарулы күштерінің басшысы жоғалған ұшақты іздеуге өздерінің соңғы заманауи қарумен және құралмен жабдықталған екінші әскери кемесін аттандырды. Қалай айтқанда да, «Боингтің» із-түзсіз кетуі әлемдік авиация тарихында бұрын-соңды болмаған құпия оқиғаға айналып отыр. Сонда ұшақ қайда кетті? Болжамдар әртүрлі, бірі «техникалық ақаудан» десе, екіншісі «лаңкестік әрекеттің салдарынан ұшақ әуеде жарылып кетуі ықтимал» деген жорамалдар айтылуда. Радарға апат алдында болатын дабыл да түспеген, ұшқыштардан хабар да болмаған. Белгілісі – Boeing-777 ұшағы өзінің ұшу бағытын күрт өзгертіп, қайтадан өзі әуеге көтерілген бағытқа қарай кері бұрылған. Бір қызығы, басқа біреулердің төлқұжатымен ұшқан екі адам туралы пікірлер айтылуда. Оның бірі–Луиджи Маралди деген итальяндық азамат, ол қазір Таиландта демалып жүрген көрінеді. Екіншісі Австрия азаматы –Кристиан Коцэл. Екеуі де осыдан бірер жылдан аса уақыт бұрын жеке төлқұжатын ұрлатып алған. Белгісіз екеу осы екі азаматтың құжатымен ұшып шыққан. «Олар лаңкестер болуы мүмкін». Бұл жорамал қаншалықты ақиқат?
Дерек пен дәйек
1995 жылдың 31 наурызы күні Бухарест әуежайында Брюссель бағытына енді көтерілген Румынияның Tarom компаниясының әуе лайнері жермен-жексен болып, экипаждың 11 мүшесі мен 48 жолаушысы қаза тапты.
1997 жылдың 26 қыркүйегінде Индонезияның Суматра қаласының маңында елдің Garuda авиакомпаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 234 адам қайтыс болды.
1998 жылдың 16 ақпанында Тайвань авиакомпаниясының А-300 әуе лайнері қалың тұманның кесірінен әуежай маңындағы тұрғын үйге соғылды. Апаттың салдарынан 203 адам келмеске кетті.
1998 жылдың 11 желтоқсанында нөсерлеп жауған жаңбыр мен қалың тұманның салдарынан Таиландтың А-310-200 ұшағы экипажының 14 мүшесі мен 132 жолаушысы қайтыс болды. Тек 45 адам ғана құтқарылды.
2000 жылдың 31 қаңтарында Кения әуежайынан ұшып шыққан
А-310 әуе лайнері Гвинея бұғазына құлады, бұл 170 жолаушының соңғы сапары болса, 10 жолаушы аман қалды.
2000 жылдың 23 тамызында Бахрейннің әуе лайнері Парсы шығанағына құлап, әуе бортындағы 143 адам келмеске кетті.
2001 жылдың 12 қарашасында АҚШ-тың Кеннеди әуежайынан ұшып шыққан ұшақ Нью-Йорктің Квинс ауданына құлап түсіп, 260 жолаушы қаза тапты.
2006 жылдың 3 мамырында Арменияның «Армавиа» компаниясына қарасты А-320 аэробусы Қара теңізге құлап түсіп, тосын апат 113 адамның өмірін жалмады.
Интерполдың бас директоры Рональд Ноубл қазір әлемде азаматтардың 40 миллиондай төлқұжаты жоғалғанын айтады. Қазір Оңтүстік –Қытай теңізінде Малайзия, Австралия, Қытай, Таиланд, Индонезия, Сингапур, Вьетнам, Филиппин мен АҚШ елдері іздестіру операциясын жалғастырып жатыр.
Қалай айтқанда да, қазір ұшақпен ұшу ең қауіпті оқиғаның біріне айналып барады. Соңғы 100 жылдықты алып қарасаңыз, «әуе кемесінің» апаты жиілеп кеткенін байқайсыз.
Өткен жылы Рио-де Жанейродан мыңдаған шақырым ұшқаннан кейін бақылау радарынан көрінбей кеткен ұшақтың сынықтары мұхит айдынынан екі күннен кейін табылды. Қалай айтқанда да, 228 адамы бар 20 елдің азаматы әуе апатына ұшырады. Оның ішінде 12 ұшақ эки-пажынан басқа, 126 еркек, 82 әйел, 8 сәби болған. Бразилияның Кабо-Верде жағалауының үстінде оқыс оқиғадан шошынған жолаушылар алыстағы туған-туыстарына ұялы телефон арқылы SMS жіберіп үлгергені тіркелген: атап айтқанда, «мен қорқамын», «мен сені жақсы көремін», «енді не істейміз?» деген сарында жіберген хабарламалар соңғы рет қоштасудың сипаты болып қалғанға ұқсайды. Апатқа ұшыраған ұшақта Бразилияның 58 азаматы, 26 неміс, тоғыз итальян, тоғыз қытай, алты швейцарлық, бес ливандық, бес британдық, төрт венгер, үш ирландық пен Норвегия азаматы, сондай-ақ Словения, АҚШ, Австрия, Ресей, Швеция, Түркия, Хорватия, Эстония, Канада азаматтары болған. Екі күннен кейін Бразилияның қорғаныс министрі Нелсон Жабин Атлант мұхитынан Бразилия жағалауына мыңдаған шақырым жердегі айдын бетінен Aіr France авиакомпаниясына тиесілі ұшақтың сынықтары табылғанын жария етті. Министр ұшақ сынықтары мұхит бетінде шамамен 5 шақырымға созылып жатқанын айтты. Орын алған оқиғаға орай, Бразилияда үш күндік қаралы күн жарияланды.
2011 жылдың жылдың ақпан айында Венесуэлладан ұшып шыққан әуе лайнерінің де жолы болмады. Әуе кемесі таулы аймаққа келгенде, жартасқа соғылып, оншақты экипаж мүшелері мен борттағы 45 жолаушы қаза тапты.
Бұл – әрине, төбеде, әуеде болған апаттар. Алайда қойнына құпиясын жасырып жатқан тылсым мұхит та жалпақ әлемге сырын аша қойған жоқ. Жалпы, басқа айдынмен салыстырмалы түрде қарағанда, Атлант мұхитында апаттар жиі орын алады екен. «Мұның сыры неде» деген сұраққа мамандар әлі бас қатырып әлек. Соның ішінде ең алаңдатарлығы – Бермуд үштағаны. Соңғы бір ғасырдан бері жауабы табылмай келе жатқан бұл тосын құбылысқа әркім әртүрлі пікір айтса да, нақты көзқарас жоқ. Біреулер Бермуд жұмбағын оның астындағы орасан зор магнитті күштен іздесе, енді бірі мұхит қойнауында өзге затты жұтатын белгісіз бір күштің барынан іздейді. Енді ше, Бермуд үштағаны 100 жылға жуық уақыттың ішінде талайды жұтты. Қалай, қайтіп?.. Мұның бәрі осы күнге дейін жұмбақ. Десек те, осы аймақтан өтіп бара жатып, зым-зия болып кеткендер аз емес, адам емес-ау, алып кемелер мен әуе лайнерлері жоғалып жатса не дерсің?!. Әлемдік баспасөз осы аймақта 1945 жылдың 5 желтоқсанындағы болған ауыр оқиғаны әлі күнге дейін айтады. Нақтылайтын болсақ, дәл осы күні ағылшынның 5 әскери ұшағын мұхит қойнауы жалмап қойды, сонымен қатар оларды іздеуші-құтқарушы ұшақ та жоқ болды. Ал 1945-1990 жылдар арасында Бермуд үштағанында 37 ұшақ, 1 аэростат пен үлкенді-кішілі 38 кеме тылсым дүниенің құрбаны болды. Тіпті 1 атом сүңгуір кемесі де аталған аймақта жоғалып кетті. Сондай-ақ оншақты қайық пен балық аулайтын катер табылса да, бір қызығы, олар толыққанды сақталған, бірақ өкініштісі, бірде-бір адам табылмаған күйі жоқ болып кеткен. Құпия әрекеттің алдында ұшқыштар да, кемедегілер де, тосын қауіптің төніп келе жатқаны жайлы дабыл қақпаған. Сонда бұл не тылсым күш? Тек бір-екі жағдайда ғана азаматтардың тосын әрекеттері естілген. Бермуд үштағанына тап болған кемедегілердің ішінен бір үндіс қана өлім туралы ән айтқан, енді бір кемедегілер «біз түк түсінбей келе жатырмыз, қай бағытта екеніміз белгісіз. Айналамыз аппақ, ақ су» деген секілді хабарламалар жіберген. Ал қалғандарының бәрінен жердегілер «жағдай бірқалыпты», «жуырда жетіп қаламыз» деген ақпараттар алған.
Айта берсек, апатқа қатысты әңгіме көп. «Құдай сақтанғанды сақтайды» дейміз-ау. Бірақ адамның аман-есен жүргеніне не жетсін?!
Ал Куала-Лумпурден Пекинге қарай ұшқан ұшаққа қатысты әлі нақты дерек жоқ. Кеше utro.ru ақпарат агенті итальяндық Луиджи Маралди мен Австрия азаматы –Кристиан Коцэлдің жоғалған төлқұжатымен екі ирандық азамат ұшаққа отырған, «әуе кемесінің іс-түзсіз кетуінде лаңкестік оқиға орын алуы мүмкін» деген ақпарат таратты.