Неге екенін білмедім, бірақ Бауыржан атаның кітаптарын аса сүйіспеншілікпен оқимын. Мүмкін Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте оқып, сол жерде атамызға деген махаббатты жүрегіме ұстаздар ұялаған болар… “Ұшқан ұя” жаныма жақын болды. Енді өзім керек деген жерлерін жазып алған едім, солармен бөлісіп, өз ойларымды да қоссам… Мүмкін сіздерге қажет болып қалар…
Б. Момышұлы өзінің әкесі жайлы былай жазады: ”Жалғыз атты болса да, кісіден кіріптар болғанды қорлық санап, аз күн жарық дүниеде азаттық аңсап, қатықсыз қара су ішсе де, бай – манапқа алақанын жаймаған”. Расында, байлық, мансап – өтпелі, ал жақсы мінез, ізеттілік – мәңгілік.
“Қолдан келсе, ең бастысы баланы қуанту керек. Ол қуанса, шын қуанады”.
“Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек бала…”.
“Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын”.
“Қайран, балалық десеңші – ай! Алыста қалған арайлы, адал таңдарым менің! Онда мен кіп – кішкентай сәби едім. Адамдардың бәрі “айналайыннан” басқа сөзі жоқ, кілең мейірімді жандар болып көрінетін…” Сол “айналайынды” қазір күнде естіп жүрсек қой…
Біз бейбіт елде тұрып жатырмыз. Соғысты көрмей өстік. Бауыржан атаның мына сөзін оқығанда, өз басым “тәуба” дедім: “…Алайда қан майданда жүріп, мен бір түнді елестеткенім бар. Өзімді көп өркештің ортасында, тау ішінде, нұрлы айдың аясында баяғыдай кіп – кішкентай сәби сәтімде тұрғандай сезіндім…”, атамыздың тыныштықты аңсағанын осыдан – ақ аңғаруға болады.
“Кейде менің өнеге алған, тәлім үйренген, дәріс оқыған ұстаздарымды еске түсіріп, ойға бататыным бар…”, менде де дәл солай, кейде ұстаздар жайлы ойланамын. Әрине, ұстазды жақсы - жаман деп бөлуге болмайды. Дегенмен жаныңа жақын, байсалды ұстазды ерекше жақсы көріп тұрасың. Мұғалімнің адал ниеті әрдайым сезіледі. Оқушы жүрегімен сезеді, еріксіз байланады. Бірақ, айғай – шуды ұнататын оқытушыларда аз емес. Меніңше, ең жақсы ұстаз – білімді ұстаз емес, адамгершілігі мол ұстаз деп білемін.
Бауыржан Момышұлының әпкесі Үбиянға құда түсіп келеді. Сонда әкесі Момыш қызын кем дегенде бір жарым – екі жылдан кейін ғана ұзататынын айтады. Оған 2 себеп бар екен. Әуелі, әкесі дәулеті шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан қалыңдықтың жасауын қолма – қол әзірлей қоюға шамасы жоқ болатын. Ал бір жарым, екі жылдың ішінде әкесі шәрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп үлгеретініне сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін – бірі толығырақ білсін, қалыңдық дәуренін қызықпен өткізсін дегені екен ғой. Шыны керек, осы кітапты оқи отырып мен Бауыржан атаның әкесі – Момыш атаға ғашық болдым. “Неге?” десеңіздер, айтып берейін. ..
Қызы Үбиан ұзатылып кеткеннен кейін, Момыш атаның тұрмысы одан бетер нашарлай түседі. Себебі қызының жасауына көптеп қарыздар алып, жүдеп қалады. Сонда балаларының өгей шешесі, демек екінші жұбайы мінез көрсете бастайды: “Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады. Бір қызыңды ұзатамын деп, аш өзек етіп ұлытып қоймақпысың” деп. Бірбеткей Момыш ата мұндай сөзге шыдай алмай, әйелінің төркінін шақырып мынандай сөз айтады: -” Ағат кетсем, айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп, өңменінен итермес, өзім деп, бауырына басар деп ем балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді табайын. Табалау табына күйгенше, жалғыздықпен жағаласып өткенім жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. Салғыласып отыра алатын жайым жоқ” – дейді. Момыш атаның мына сөзі де ойға қалдырды: – “Біз үйміз, біз елміз, біз халықпыз. Адам туады, адам өледі. Ал халық ешқашан өлмек емес…” Өз басым осы кітапты оқып, нағыз жігіттік қасиеттердің қандай болатынын білдім. Қазақи салт – дәстүрлермен таныстым. Бұрын Бауыржан атаны қатал жауынгер ретінде білсем, енді ол кісіні қарапайым, жаны нәзік адам ретінде танып үлгердім. Бір сөзбен айтқанда, кітапты оқып шығыңыздар… Оқысаңыздар көп нәрсе жайлы ойланып қалатындарыңызға сенімдімін…!