ҰШҚАН БАҚ

Екеуі жұптасып, жоғары оқу қабырғасында 4 жыл жүрді. Бірі тамсанып, қызығушылықпен қарап, үлгі етсе, кейбірі  жастардың қалыпты махаббат құруы деп қарайтын.  Әркімнің өз топшылауы бар-тын. Айгүл мен Талғаттың арасындағы  сырлы сезімді қыздың құрбылары ақымақтыққа балады, сырт көз сыншы ғой дегенмен, Айгүл қыздың жеңілтектеу мінезі бар екенідігін білетіндер Талғатты аяй қараса, керісінше, жігіт жақ Айгүлдің сұлулығына құмартып, іштей қызғанушы еді. Айнала осы екеудің  қимыл-қозғалысын, тыныс-тіршілік, жүріс-тұрысын сөз етуден бір талмады. Барлығының әңгіме желісі сөз барысында «әлгі Айгүл мен Талғат та жүр ғой, бақандай 4 жыл болды, жұптары жазылмай келе жатыр» десе, кейінгі сөздің сиқы «Талғат ақымақ жігіт, Айгүлдің шолжаңдығын соқыр болмаса ендігі көрер уақыт жетті» деп күйінетін. Гу-гу әңгіме қойсын ба, желдің бағытымен бірде батысқа, бірде шығысқа қаңбақтай ұшып жүре берді. Ең қызығы да сол, аталмыш қаңқу сөздердің бірі  не  Талғатқа, не Айгүлге әсер етіп көрген емес. Сол баяғы әдетінше Талғат бақ арасында өздеріне тән, екеуінің аттарын ойып жазып қойған орындықта күтіп отыратын. Келесі беттен сыланып-сыйпанып, екі беті шоқтай жанып Айгүл келетін. Осылайша екі жас құшақтаса отырып, бір-біріне деген сағынышын басатын. Кезекті кездесудің бірінде жігіт үйленуге ұсыныс жасады.

-Жаным, биыл екеуміз де бітіреміз. Шаңырақ көтерер уақыт жетті. Маған тұрмысқа шықшы?

-Ооой, Талғат! Енді қырқына шыдап, қырық біріне шамаң келмей қалды ма? Сәл күнде бітіреміз ғой. Дипломды қолымызға алып алайықта бірінші. Не болды құйын соққандай!

Езуін тез жиып алған Талғат іштей ашуланып қалды. Еркектік намысы бойын кернеп кетті. Талғаттың ашуланатын жөні бар. Бұл бірінші ұсынысы емес, жыл сайын осылай ұсыныс жасайды, қыз қарсы. 4 жылда 4 рет үйлену туралы ойын білдірді. Неге екенін қайдам, Айгүл бірде оқу дейді, кейде үйім дайын емес дейді, кейде тіптен жұмысқа тұрып алайық деген сияқты майда сылтаулары бітпейді. «Демек, жігіттердің айтып жүргені рас-ау. Айгүлдің басқа біреуі бар. Ол мені сүймейді»

-Айгүл! Шыныңды айт! Сенің басқа біреуің бар ғой иа?

-Бұл не сөзің Талғат!

-Айт, қане! Шыныңды айт!

Талғат Айгүлдің тамағынан қысып ұстап, қылғындыра бастады. Қақалып-шашалған бойжеткеннің екі көзі шарасынан шықты. Дем жетпей барады.

-Жібеееееер!!! Дауысы қарлығып шыққан қыз бозарып кеткен.

Әрең дегенде қолақпандай жігіттің қауқарлы қолдарынан босаған Айгүл есін жия алар емес. Талғаттан қорқып та қалған сияқты. Төрт жыл жүріп сүйіктісінің осыншалықты қатыгез екенін білмепті. Талғаттың босаңсып тұрған сәтін байқап қалды да Айгүл соңына қарамай жүгіре жөнелді. Жігіт те тоқтатпады. Демек, рас! Айгүлдің басқа біреуі бары рас! Осы оймен қала берді.

Талғат ендігіде Айгүлдің алдына барғысы жоқ. Бір жағынан оған қол көтергеніне өзін іштей жеп барады, кейінгі мазасыздығы Айгүл мені сүймейді дегенді ойына мықтап кіргізіп алыпты. Айгүл де жігітінің кешірім сұрағанын күтпеді. «Мен оны кешірмеймін. Қазырден қол көтерсе, үйленгенде жағда       йым не болмақ? Құрсын, осы күннен білгенім жақсы болды»

Арада 2 ай уақыт өтті. Бір-біріне именбеген қыз бен жігіт бір  топта оқиды. Ендігіде шарасыздықтан бастары қосылатын екеу амандаспайды да. Елдің өсегі тағы гуледі. «Талғат қояншық екен қып-қызыл, айдай сұлу нәзік қызды ұруға бола ма екен? Айгүл енді оны кешіре қоймас.» Жігіттер жағы «Айгүл төрт жыл Талғатты алдап келіпті, басқа жігіті бар екен» деп жүрді. Күдікке күмән туғызғандай сол екі ортада Айгүл басқа жігітпен сөйлесіп  жүрді. Ол дегені Талғатты жазаламақ ойы еді. Қол ұстасқан сүйіктісі мен әлгі жігітті көргенде өліп кете жаздаған Талғат Айгүлдің алдына жетіп келгенін байқамай қалды. Қырғын топан төбелестен екі жігіт те өліспей беріспеді. Қыздың қорқынышы үдей түсті. Не болса да Талғаттан басын арашалап алғанына қуанып, оны ұмытуға тырысты.

Бір бір дипломды жетектеген түлектер ендігіде өз бастарының қамымен бірі жұмыс іздеп, бірі отбасын құруға асығып жатты. Тәкәппарлығы бойына басым Айгүл сол бойда Талғатты ұмытып кетті. Жігіт әлі де болса қыздан кешірім сұрауға батылы жетпей жүр. Бірін-бірі сүйетін екі жас осылай аракідік мағынасыз ұрыстың салдарынан екі жақта біраз жүріңкіреп қалды. Қыз жігітінің аяғына жығылып, кешірім сұрауын күтіп жүрсе, жігіт қыздың басқамен жүрген жүрісін ұмыта алмады.

Уақыт шіркін тек ауыр азап пен жан дертіне дауа болар, тек махаббатқа емес. Қайта сүйіктіңсіз өткен бір күн бір жылға татып жаныңды азаптайтыны сөзсіз. Талғат та, Айгүл де бұл мұңды басынан өткермеді емес. Арасында екеуінің оңаша кездесетін баққа келіп, әлгі орындықта отырып ойша құшағына қысып кететін бір-бірін. Намыс дегенің осы кейде керек емес жерге кірісіп, асықпай жатып алады екен ғой. Айгүл жігіттен күдер үзіп өзгемен кездесіп жатты. Талғат та сыр білдіргісі келмей басқа қызбен жұптасты.

Айгүлдің  қазіргі жігіті көп сөйлетін сөзшең болып шықты. Басында сөзшеңдікке бағалаған қыз ақыр соңы мыжыңдыққа ұласқан ер жігітке тән емес мінезді осыдан көрді. Отырса да, тұрса да қадамын санап отыратын, әрі болмайтын нәрселерді әңгіме етуге құмар Айбек Айгүлді жалықтыра бастады. Қыз ылғи да Айбектің бойынан Талғатты іздейтін. Талғат артық ауыз сөзі жоқ, аса қамқор, тіпті де айтып жеткізе алмайды. Ол өте ерекше, өзгеше жан еді. Мені көргенде тілі күрмеліп сөйлей алмай жататын. Мен күлуші едім. Ол деген нағыз ер азамат еді  ғой. Ол себебі, Талғат, ол менің махаббатым, алғашқы махаббатым! Айгүл жігіттің қадірін енді түсінді. «Неге сол кезде тұрмысқа шығуға келісім бере салмадым екен ей. Ертелі кеш үйленуші едік қой. 2-3 ай арысы берісі еді ғой. Тууууу ақымақ басым-ай. Осы Талғат үйленейік десе кірпідей жиырылып алатын әдетім не? Осы бір сөз тек шын сүйген,  сені өзіндік жары еткісі келетін ғана ердің аузынан шығатын сөз емес пе? Жүре тұрайық, жүре тұрайық пен Талғаттың көңілін расында да суытып алыппын ғой. Ооой ақымақ қыз-ай!»

 Талғат қайдасың, мен сенен кешірім сұрауға бара жатырмын. Кешірші мені. Қыз жалма-жан бұрынғы жігітіне телефон соқты. Телефоны сөндірулі. Талғаттың достарына телефон соғып әзер дегенде жігіттің хабарын алды. Талғаты қалада жұмыс таба алмай ауылына қайтып кетіпті. Сонда орта мектепке мұғалім болып орналасыпты. Жігіттің жаңа нөмірін алды. Ендігіде Айгүл тоқтайтын емес.

-Алло?

Айгүлдің жүрегі дүрсілдеп кетті. Мына бір дауыстан өліп қала жаздады. Өзімен бірге оқыған Санияның дауысы. Ол да бұны таныды.

-Айгүл сенбісің? Жалтармай-ақ қой, сені таныдым. Ескі махаббатың есіңе түсіп, Талғатқа соққан болсаң ол қазыр жуынып жатыр. Біз әзірге ешкімге айтпадық, беташар өтіп қойды. Тойға шақыруды жігіттерден беріп жібереміз. Және ренжімесең, ендігіде менің «күйеуімді» мазалама!

Сене алар емес. Төрт жыл бойы дымы шықпай, соңғы қатарда отыратын Сәния менің бақталасым бола алғаны ма? Ешкіммен шаруасы жоқ, тек кітап оқып, үстіне не болса соны киіп жүретін ақымақ қыз менің сүйіктімнің жары ма? Мен кім? Сәния кім? Айгүл өліп кете жаздады. Өзінің кінәсін білмей, бәріне тек Талғатты кінәлауда еді. «Күйеуім» дейді. Шірік неме, қайдағы күйеу. Ол сөзді тек мен айтуым керек.! Тұрған жерінде  жан дауысымен шыңғырған Айгүл есінен адаса жаздады.

Апталап бөлмесінен шықпай еңіреп жылаған қызға жан құрбысы Алмагүл келді.

-Айгүл, құрбым! Есіңді жи. Болды енді. Түр десе түрің, оған сай ақылың бар. Сен жерде қалмайсың. Кез келген жігіт ғашық бола алатындай асыл жансың ғой сен.

-Оооой, Алма. Сен де айтады екенсің. Түрің бар ақылың кем десеңші одан да. Ақылым таяз болмаса сол кезде қолыма қонған бақты Санияға қарай ұшырмай алақаныма мықтап алмас па едім. Қазргі күні Талғатты ойласам көз алдыма Сәния келеді. Оның Талғатқа іштей ғашық екенін сезетінмін. Бірақ ешқашан оған Талғат көңіл бөліп те қарайтынын білмеппін.

-Енді сен де әлгі мыжың Айбекпен жүрдің емес пе?

-Ооой, иа! Өзім де сау емес екенмін ғой. Менің кесірімнен барлығы да!

Талғаттың көңілін суытып алдым. Бәрі де кеш. Кеш.

***

Әсем қала Алматының аты шулы барының бірінде түнгі сағат 3-тер шамасында Айгүл отырды. Барменнен виски сұрап ішіп отырған қызға қадала қараған көз оны ішіп-жеп барады. Алдына келіп:

-Қарындас, сізбен танысуға бола ма?

-Маған үйленесің бе?

-Ендііі... танысып табысып көрсек.... сосын үйлену жағын көре жатамыз ғой

-Онда кет әрмен!

-Оооой жезөкше! Таңға таяғанда өзің клубта отырсың, дереу арада үйленетін жігіт іздейтінін. Сені кім алады бейшара!,-деп боқтап кеткен жігіт Айгүлдің намысына аса тие қойған жоқ, себебі, мұндай сөздерді естіп келе жатқанына біраз жыл болды. Қандай жігітпен жүрсін, кіммен таныспасын біреуінің аузынан «үйленейік» деген сөз шықпайды. Кезінде осы сөзден қашып Талғатпен ұрысып еді, ендігіде бір жігітке осы сөзді айтқыза алмай жүр. Басыңнан бағың тайса, он жерден сұлу бол-бақытсыз болатының шарт  екен.

Танитындыр Айгүлге жаны ашып, «Талғатты шын сүйіп тұрмысқа шықпай қалды ғой» десе, кейбірі « О, әне, Талғаттың түнгі көбелегі кетіп бара жатыр»,-дейтін.

Ер адамның алғашқы махаббатын ешқашан ұмытпайтыны рас екен. Айгүлге ашуланып, намыстың буы, әрі достарының қойт-қойттауымен Сәнияны алып қашып еді. Жүре-жүре жарының бойынан Айгүлге сай бір мінез таба алмады. Өзімен-өзі ыңылдап ән айтып жүре беретін Сәния күйеудің көңілін табу, еркелеу, дәмді етіп тамақ пісіру жағынан мүлдем жұрдай болып шықты. Әйелін өрге сүйреуден шаршаған Талғаттың бойында Айгүлге деген сағыныш енді-енді бүр жара бастап еді. Оның үстіне арасында бала болмағасын күнде ұрсысастын Сәния мен Талғаттың шаңырағы ортасына түсудің сәл-ақ алдында тұрды.

Кім біледі, екеуі ажырасып жатса, әлі де тұрмысқа шықпаған Талғаттың ақ махаббаты өзіне қайта бұйырар. Осы ойларды көп ойлатын Талғат тағы да бір шешімге келе алмай жүр.

Бұл кезде Айгүлдің отбасы  отызға келіп қалған қызын жеңгелері тапқан, өзінен он жас үлкен қырықтағы жігіт ағасына беруді ұйғарып жатқан. Айгүлден анасы келісім сұрап еді «Өзің біл» деген болатын.....

Талғат үлгерер ме екен?

 

Сурет: https://www.prisnilos.su/sni/sonnik_plachet_devushka.html



Бөлісу: