Лашықта жатып та ұлы түстер көруге болады.
Диего Веласкес
Біз адамдар – үнемі жер бетінен ұжымақ іздеумен, әлденені, әлдекімді көксеумен жүреміз. Бәлкім бізді өмір сүре беруге сүйрейтін осынау шексіз қанағатсыздық, дегбірсіздіктің соңғы бекеті жоқ шығар. Қалайда кез келген пенде баласы өзінің ғұмыр бойы алысып жүріп тұрғызған ізгілік мұнарасын ешқашан құлатып алмауы керек.
Ал, махаббаттың жөні басқа. Ежелгі гректердің осынау құдіретті сезімді Құдайға балауы тегіннен тегін емес.
Махаббат барда, махаббат азабы тудырған сырлы сазбен сиқырлы сөз тұрғанда адамдар ешқашан аласармауы тиіс.
Бірінші түс
«Ерте, ерте, ертеде...» деп басталушы еді қазақ ертегілері. Бұл ертеде Ертөстік көрген түс емес, Алпамыс кешкен ой емес.
Әлқисса, түннің бір уағы екен:
Мен өмірге келген Алтайда, өскен тауымда, «Бақатас» аталатын құзар жартастың түбіне менің 5 жасымда салынған ескі үйіміздің маңында жүрміз. (қазір оның жұрнағы ғана қалыпты деп естідім). Қара күз һәм үрейлі түн екен деймін, бірақ, маңымыз жап-жарық. Сен көршіміздің үйінде пәтер жалдап тұрады екенсің. «Жаурадым, анау үй сондай суық, бір шелек көмір бере тұрасыз ба?», – дедің. Дәу шелекке салған ауыр көмірді қолыңнан алып, үй артындағы дауалдан асырып, жеткізіп бердім.
Үй іші ала көлеңке, бірақ жайлы екен. Сенің әлеуметтік желілердегі адресіңмен біреу сенің атыңнан кіріп, үнемі арандатады екен деймін. Соны іздей бастадық. «Ол осында тұрады» дедің сен. Мен орнымнан тұрып, тура жиырма жастағы жыртқыш кезімдей айқасқа дайындалып жатырмын...
Оянсам түнгі сағат тілі 02:01ді көрсетіп тұр екен. Тұрып терезені ашсам, Сарыарқа дауылы қаһарына мініп тұр. Ақ түтек боран арасында, есік алдында дүлей жындар ойнақ салып жүргендей...
Жаураған тәнің емес қой, жаның ғой, жүрегің ғой. Соны сеземін.
Екінші түс
Сен туып-өскен облыстың орталығында жүрмін. Мен көрген шаһарға ұқсамайды, гүлденіп, көркейіп кеткен. Балаларға арналған көлемді іс-шара өтіп жатқан сыңайлы.
Жағасын орман көмкерген асау өзен қаланы қақ жарып ағып жатыр. Алаң ортасына үймелеген қалың ақ кептерлер мен шүпірлеген балалардың арасында сенің кішкентай сіңілің де жүр екен деймін. Екеуміз барып, оңашалап алып шықтық. Не зат екені өзіме де беймәлім, әйтеуір, қымбатты тарту сияқты. Соны екеуміз бірге сыйлап, қуантып жатырмыз. Сәби жүзіндегі тұп-тұнық күлкі әлі көз алдымда. Ол сәбиге көшеден кездесіп қалсам танып қоюым сөзсіз екенін кесіп айта аламын...
Оянсам таңғы сағат тілі 05:23-ті көрсетіп тұр. Күндегі әдетімше терезені ашып, тысқа қарасам түн сондай тып-тымық екен. Аяздан жүзі бал-бұл жанған жұлдыздар күміс от шашып тұрғандай. Батыс жиекте жарқырай көрінген Бөрі жұлдызы (ол атты өзім қойып алғам) менің шағын құжырамның көз ілмес күзетшісі спетті жасыл нұр шашып тұр.
Үшінші түс
Бұл екінші түсімнің жалғасы сияқты. Жастығымды биіктетіп, көрпемді жамылып шалқамнан жаттым. Терезе алдына, компьютер үстеліне, ең қымбатты кітаптарымның қасына жағалай тізілген гүлдеріме қарап жатып, ұйықтап кетіппін.
Ұйықтай бере алдымнан екінші әлем ашылғандай болды. Тағы да сені көрдім. Әлі студент сияқтысың. Жатақханаңдағы бөлмеңде, сенің төсегіңде қырындай отырмын. Сенің дәу плашетіңді қолыма алып, ішін бірге ақтарып отырмыз. Анаңның, жақындарыңның суретін көрсетіп жатырсың. Бір кезде Астанада түсірілген менің суретім шыға келді. «Ол қалада кездеспеп едік қой, қай кезде түсіріп алды екен» деп ойлап қоям.
Түс арасында үзіліс пайда болды, оны өзім де аңғармай қалдым. Адамның жүйке тамырлары мүлде жұмбақ қой. Өзің бір жақта жатып, екінші бір алыс жақтағы адаммен бірге жүресің. Бәлкім, ғылым әлі түбіне жетіп пайымдай алмаған «Рухтың табысуы» осы шығар. Алысқа сапар шекпек болып, сөмкемді, құжаттарымды дайындап әуежайға жиналып жытырмын...
Бір деммен сыңсыған телефонның уақыт қоңырауы ұйқымнан жұлып алды. Киініп, жуынып, таңғы асымды ішіп алып, өзім сондай сүйетін әрі сондай жек көретін қаланың шулы қазанына сүңгіп кеттім.
Адамның ғұмыры – үміт болса, ақынның ғұмыры – сағыныш!
Менің оған бәс тігетінім – үміт те, сағыныш та қатар өмір сүрген жерде екеуміздің бойымыздағы ізгілік пен құрмет, биіктік пен асыл мұрат, қайырым мен мейірім, қысқасы – жанымыздың өлуі мүмкін емес. Тәнді қойшы тәйірі...
Өмір қандай күрделі һәм сүйікті еді, жазған-ай...
Сурет: goodfon.ru