Күні кеше қазағымның қабырғасын қайыстырып, поэзияның тағы бір гүлін солдырып, айтып келмейтін ажал арамыздан алып кеткен қазағымның ақыны, халық жазушысы, журналист Фариза Оңғарсынованы еске ала отырып, өлеңнің өмірлік екендігінің, ғалымның хатының ешқашан да өлмейтінінің бір дәлелі ретінде Мақпал Жұмабайдың мақамды жырлары шырқалған кезекті кештің бірі өткен сенбі күні өз жалғасып тапты.
Біздің жұртта бар еді бір даралық,
Қазақтардың жаны мәңгі – далалық.
Дала иісін ұмытқанда – ұрындық,
Дала мұңын ұмытқанда – жығылдық.
Тұлымшағы желкілдеген өрім қыз,
Парасатқа жеткен күнді көріңіз.
Сол аруың атқа қонар Тұмар боп,
Тауларды да күзетеді ұлар боп» - деп, гитарасын сүйріктей саусақтарымен «аялай» «Мақпал шер» деген жырымен, ендігі өз оқырманын, өз ортасын біршама қалыптастырып қалған жас ақын Мақпал Жұмабай сенбілік кешінің шымылдығын ашты. Қыстың күнінде жауған Алматының жаңбырлы күніне қарамастан, фейсбук әлеуметтік желісіндегі біршама уақыт бұрын алдын ала берілген хабарландыру бойынша Қазақ ұлттық аспаптар мұражайының залына өз еріктерімен келген, осы бір мақамды жырларды өз құлақтарымен тыңдағысы келген отыз шақты тыңдарман да екі сағатқа созылған кештің жақсы өтуіне өзіндік үлестерін қосты. Тыңдармандар арасында жазушы Өміржан Әбдіхалықұлы, ақын Қалмаханбет Мұқаметқали, жазушы Дархан Бейсенбек, ақын Мақпал Мыса, ақын Нұртас Тұрғанбек, «Ұлан» газетінің тілшісі Қарлығаш Доссанова сынды қазақ әдебиетінің дамуына, өркендеуіне біршама үлес қосып келе жатқан қазақтың беткеұстарлары да болды. «Жүктің бәрі маған түспесін. Фариза апаның жырларынан, өз жырларынан оқимын деушілер болса, алмасып отыралық...» - деп кеш иесі тыңдармандарына ұсыныс тастады. Мақпалдың «Туған үй», «Өкініш», «Ана», «Қара жәшік, «Көздің жасы», тағысын тағы мақамды жырларының арасында Қалмаханбет Мұқаметқали ағамыз, Нұртас Тұрғанбек ініміз қойын дәптерлерінен бір-бір өлеңнен оқып берді. Ақын қыз Мақпал Мыса кеш туралы жақсы пікірін айта келе,
"Жыр еткен қазақ деген жәмиғатын,
Өлең боп қалды, апатай, фәниде атың.
Махамбет семсерінің сынығындай,
Қош енді,
Фариза қыз,
Фариза ақын!..
Лағыл жыр жанымызда арай әні,
Көңілім бұл хабарға қараяды.
Қазақтың қайран жұрты бар тұрғанда,
Өзіңді еске алады талай әлі.
Жырыңмен бастаушы едің жарықтарға,
Ақынның қасіретін жан ұққан ба?!
Біз енді рухыңның шамын жағып,
Өзіңмен сырласамыз қамыққанда..." - деп, Фариза апайға арнаған өлеңін оқып, бір сәт үнсіздікпен Ұлы тұлғаны еске алуды ұсынды. Көпшілік орындарынан тұрып, Фариза ақынға тағзым көрсеткеннен кейін Мақпал Мыса «Мақпал» әні атты өлеңін мақпалдай үнімен тыңдарманға сыйға тартты.
Мақамды жырлар иесі дем алған сәттерде тыңдармандар өз алғыстарын, пікірлерін, ұсыныстарын айтып, тілек білдіріп отырды.
Мақпал кешін дәл осы жерде, яғни, Қазақ ұлттық аспаптар мұражайында өткізуінің де тегіннен тегін еместігін, өз салтымызды, өз дәстүрімізді, өз аспаптарымызды, өнерімізді өзіміз дәріптемесек, басқадан не күтеміз деген өз ойын да айтып өтті. Қазақтың тілін, өнерін, қазаққа ғана тән ерекшелігін сақтап қалу үшін, дамыту үшін еңбек етіп, барын салып жатқан қазақтардың барына қуанып қайттым. Мұз айдынындай қазіргі заманда қазағымның бір қызының өзі осындай ерлік көрсетіп жатса, демек, бұл кеудедегі қазақ деген жұдырықтай жүректің бекер соқпайтындығы деп білемін. Мақпалдың өлеңі, өнері көпшілікке үлгі. Тіпті зал толы болмаса да, есесіне, сапалы тыңдармандар келген кеште кеш иесі өз мақсатына жету жолында аянбай еңбек етіп келеді деген сөз. Менің бір ғана кештен алған әсерім осындай болса, демек, әлі де айтылады, жазылады, айтады, жазады бұл жайлы...
Енді суреттер сөйлесін...
Н.ғ.: Үш түрлі, дегенмен, мақсаты бір, айтарын әртүрлі жеткізер үш басқа Мақпал... Осыған дейін сан мәрте сол ортадан қашып, қаламымды, жазарымды ысырып, жауып қойғанымда, әлдебір нәрсе, әлдебір түсініксіз "сәйкестік" осы ортаға әкеп тастай берді, қаша бердім, тастай берді... Сондай "қашқан сәттерімде" Мақпал Мыса апайыммен жолықтырды тағдыр. Тағдырға сүйеймін сол сәйкестікті. Енді, міне, тағы бір Мақпал. Түбі қайда апарады, мен де қос Мақпалдай елім үшін не істей алатынымды, қандай ерлік, өрлік көрсете алатынымды білмеймін. Оны болашаққа артып қояйын. Әншейін Мақпал болып қалармын немесе қос Мақпалдың қатарында айтылар күнге жетермін, кім білсін... Дегенмен, үш Мақпалды кездестірген осы бір кешті ешуақытта ұмытпасым анық...
Сугірет: Қарлығаш Доссанованың және менің жеке фотоаппаратымнан...