Үш жылға созылмайтын махаббат және мәңгілік достық
блог
Алдыңғы аптада француз кинематографиясынан екі фильм көру бұйырды. Біріншісі атымен атойлап тұрған "Любовь живет три года" фильмі. Әу баста кітабы шыққан кезде атына бола оқығым келгенін жасырмайын. Бірақ, жалпы реалист ретінде де, романтик ретінде де қарар болсам, махаббаттың үш жыл өмір сүреріне сенбеймін. Ғашықтық үш жыл өмір сүретін шығар, бірақ махаббат емес. Махаббатты уақыт өлшемейді. Оған қандай да бір анықтама болса да, өлшем жоқ деп ойлаймын. Сөйтіп жүргенде кітабын оқымадым. Бірақ бір адамның нұсқауымен фильмін көрейін деп шештім. Бірақ кейін сол фильмге кеткен уақытыма сондай өкіндім... Біріншіден, басты рөлдегі актрисаны актриса ретінде қабылдай алмадым. Оны Playboy сияқты журналдардың бетіне түсірсе жарасып кетер еді. Бірақ білдей бір фильмнің басты актрисасы болу емес. Сосын... өзімді қаншалықты либерал санасам да европалық өмір салтын қабылдай-ақ алмадым. Күйеуінің көзіне шөп салып, кейін бір күнде күйеуін тастап кетеді де, ашынасыне кетеді. Онымен ұрсып қалады да қайта күйеуіне оралады, ал кейін... ол ашынасынсыз өмір сүре алмайтынын түсінеді де ашынасына қайтады... ал ол өз кезегінде оны құшақ жая қарсы алады. Мдя... Осылай махаббат өмір сүреді. Сонда деймін-ау, европалықтардың титімдей жігіттік намыс пен ар-ұят қалмаған ба... дей беріп едім...
Қолыма сол француздардың "1+1" фильмі түсті. Фильм желісі өмірден алынған екен. Жазатайым оқиғадан кейін аяқ-қолы істемей қалған мүгедек аристократ Филипп көшеде өскен афроамерикандық Дриссті күтуші етіп жұмысқа алады. Туыстарының бәрі неге дәл оны алғанына таңдануда, ал бар себеп, Дрисс Филипптің мүгедек екенін ұмытып кете береді, сөздерінде, істерінде мүгедекке деген ешбір аяушылық, жан ашу сезімі жоқ. Ол басынан мүгедек Филиппті қарапайым адам ретінде қабылдап, онымен қалжыңдасып, досына айналады. Мүсіркеген халімен енді өмір жоқ деген оған екінші демін ашып, тіпті сүюге, махаббатын табуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, нағыз жігіттік достықты көрсетеді, шындыққа тура қарап қана қоймай, содан ләззат алуға үйретеді. Және мұның бәрі Дрисстің шынайы табиғи болмысы, адами қасиеті. Фильм салмақты болғанымен ішінде күлкілі эпизодтар көп. Дрисстің небір қылықтары мен сөздері фильмнің соңына дейін адамдық зеріктірмейді. Бір жарым сағаттық жеңіл, мейірімді фильм.
Осылай, француздар мені бір өкінтіп, бір қуантып қойды. Тура өмір сияқты...