Үш жұрт

Үш жұрт

Алас-алас, бисмилләһи, тағы алас,
Әлди-әубәй, әубәй-әлди аралас.
Бесік жырын айтып анаң тербетіп,
Ұйқылы ояу отыр мызғып шала мас.

Бұл – бірінші ата жұртың, бесігің.
Бастың аяқ, аштың өмір есігін.
Нағашыңа әлі бара жатарсың,
Мен білмеймін қайын жұрттың шешімін.

Деп үш жұрттың айтып әкем ұшқынын.
Бұл үшеуі – үш бақытың, үш күнің.
Деді де үнсіз ойға батып отырды.
Ақ самайын өртеген-ау ішкі мұң.

Сағыныштың сапырылып саумалы,
Тамырымда арлы-берлі аунады.
Нағашымның төріне кеп отырмын,
Сағыныштың боз биесін сауғалы.

Сағыныштың бөліп ішіп қымызын,
Әңгімеміз бітер емес тым ұзын.
Қайын жұрттан қашан бастар екем мен,
Тіршіліктің тізгінделген тың ізін.

Расында үш бақытым – үш жұртым,
Зулап өтіп бара жатыр ұшқыр күн.
Балалықтың балы бітіп қалған соң,
Тіршіліктің дәмі біраз қышқылтым.



Бөлісу: