"Урррра! У меня гранд!"

"Урррра! У меня гранд!"
жеке
блог

         ҰБТ қаншалықты шаңы қағылған тақырып болса, соншалықты өзекті. Осы күнге дейін ҰБТ жайлы бір де бір жазба жасамаған едім, бірақ болып жатқан жайлар ойымды қағаз бетіне түсіруіме түрткі болып отыр. Ендеше бастайын...

2013 жылы 99 565 оқушы мектеп бітіріп, олардың 95 487-сі ҰБТ тапсырыпты. Көріп тұрғанымыздай, бірсыпыра айырмашылық бар. Бұл айырмашылықты құрып тұрғандар – халықаралық ғылыми жобалар сайысына қатысып, ҰБТ тапсырудан босатылғандар мен ҰБТ тапсырудан бас тартқандар (олардың саны көп емес). Мен де түлек болдым, мен де көппен бірге ҰБТ тапсырдым. Шыны керек, 125 ұпай алмасам да, ҰБТ алаңына қорықпай барғаным үшін мақтанамын. Менің ойымша, өз біліміне сенімсіз, тіпті сол бақыр 50 ұпайды жинай алмаймын деп қорқатын түлек қана 11-сыныпта ата-анасының қалтасының қалыңдығын пайдаланып, халықаралық ғылыми жобалар сайысына барады. Кейін ол «международниктерге» ҰБТ-дан 100 ұпай (орыс тілінен «алған» 25 ұпайы ескерілмейді) жинады деген сертификат табысталады. Қызық... біреу мұрны қанап ала алмаған сол сертификатты мәз мейрам болып қалай қолына ұстайды екен... Түсінбеймін... «Жеңілдің астымен, ауырдың үсітмен жүрген» бұл оқушылардың болашағы не болмақ? Еліне қандай пайдасын тигізеді сол  «международниктер»?!

Бұл жайды кішкене шетке ысырып, осы орайда «Алтын белгі» әңгімесін қозғап кеткім келіп отыр... 2013 жылы «Алтын белгіге» үміткерлер саны 4489-ды құрапты, ал «АБ-ны» ақтап алғандар саны – 1474 қана... Бар болғаны 33,6 %. Ал қалған 66,4 % үміткерлердің жағдайын біреу ойлай ма осы?! Жоқ, әрине! Бейшаралардың 11 жылғы еңбектері көкке ұшып, бар армандарының күл-талқаны шығады... Кейбір көкелеріміз «Несін оқыды 11 жыл? Оқу керек еді» деп өздерінше данышпан болып қалады... Өздерінің шалбарларын шешкізіп, жан-жақтан тінтіп жатса, хронологиялық көрсеткіштерді еске сақтап, математиканың 25 есебін дұп-дұрыс шығармақ түгілі, есімдерін ұмытып қаларына сенімдімін. Себебі білім – бір төбе, баланың психологиялық жайы – екінші бір жағдай. Қыздардың белдемшелерінің астын қарап, киімдерін шешкізетін комиссия мүшелерінің қатары жылдан-жылға артып келеді... «Айналайындар», ұят емес пе?! Жастарымыз батысқа еліктейді деп жылайсыздар, ал өздеріңіздің істеп отырғандарыңыз мынау! Сонда сіздер кімге еліктеп отырсыздар? Сіздер ұятсыз деп санайтын Еуропаның өзінде жоқ мұндай сұмдық! Қыздарын алақанға ұстап өсірген қазақпыз ғой, жә, қазақылықты қойшы, мұсылман емеспіз бе?! Қалайша мұндай масқаралыққа жол беріп отырмыз?!

Жоғарыда «международниктер» мен «Алтын белгіге» үміткерлер жайлы айтқан болатынмын... Саны жағынан айырмашылықтары кем де кем... Мемлекетіміз сол «100 ұпайлық сертификаттарды» «международниктерге» емес, «Алтын белгіге» үміткерлердің қолдарына ұстатса қандай керемет болар еді?! Осы сертификатқа «международниктердің» лайық емес екенін бәріміз білеміз ғой, себебі көргенбіз... Механизмі белгілі. Білмейтіндерге айтайын: 1. 11 жыл бойы жаман оқисың 2.ҰБТ тапсыруға қорқасың 3. Ата-анаң да сенің біліміңе сенбейді 4. Ата-анаң саған шетелге баратын, ғылыми жоба сатып алатын ақша тауып береді 5. Шетелге қыдырып барасың 6. Ғылыми жобаңды ағылшын емес, жай ғана орыс тілінде қорғап шығасың (тіл мәселесін әдейі айтып отырмын, себебі мен танитын «международниктердің» бірі де ағылшын тілін жетік білмеген) 7. Орын алуың міндет емес 8. Мемлекет саған «100 ұпайлық сертификат» береді. Қандай керемет, иә?! Айтпақшы, 11 жыл бойы сабаққа «отыруға», фирменный киімдерін көрсетуге келіп жүрген сол «международниктің» аттестаты түгел 5 болады... Бұл енді тіпті қызық (оған бас қатырғым да келмейді)... Жә, сол сертификатты алды делік... Одан кейін бұл «данышпандар» әлі жетпейтін мамандық бойынша, Астана, Алматыдағы беделді оқу орындарына түскісі келеді... Күлкілі ғой! Бірнеше «международник» танысым бар... Сенесіздер ме, грантқа түспей қалғандары да бар іштерінде... Сол сертификатты дұрыс пайдалануға да ақылдары жетпеген ғой, сірә! Ал екінші бір «международник» таныстарым кішкене алысқа қарамай, грантқа ілігердей жағдай жасап, тегін оқуға түсті, әйтеуір... Түскенінен не керек, бірінші семестр бітісімен-ақ шәкіртақыларынан айырылды. Ал Елордаға, мегаполиске баруды арман еткен, алдына ұлы мақсат қойып жүрген «Алтын белгіге» үміткерлеріміздің (ақтай алмағандарының) бірі ақылы оқып жүр, екіншісі колледж қабырғасын жағалап жүр, үшіншісі мүлдем оқымай үйде отыр... Әділетсіздік!

Бір қызық айтайын... Сондай «международниктердің» бірі грантқа іліккендігін сүйіншілеп, агентте микроблог жазады «Уррррра! У меня гранд! Я поступила в Алмату!» деп... Не күлерімді, не жыларымды білмедім... «Грант» сөзін де дұрыс жаза алмайтын «талапкерге» мемлекеттік грантты ұстатып отырмыз... Ішім ашыды... Ондайларды «талапкер» деуге де қысылады екенсің...  

Осы түрімізбен дамығымыз келеді! Дамымаймыз бұлай! Болам деген баланы демеп жіберудің орнына қысым жасап, сүріндіруге асығамыз да отырамыз... Қазақтардың жаманына тән осы «қасиеттен» арылатын күн туа ма?!

"Ел болам десең, білім жүйеңді түзе!"

Болашағымызды ойлайық!