“Үркер” халықтың махаббатын қалай оятты?
блог
“Үркер” халықтың махаббатын қалай оятты?
Көптің көңілінен шыққан “Үркер” бағдарламасы халық жүрегінде орын алды. Бағдарламаның негізгі мақсаты халықтың көзін ашу, көрерменнің кітапқа деген махаббатын ояту еді. Эфир тізгінін ұстаған журналист Жүсіпбек Қорғасбек көптеген халық сипатындағы шығармаларды, соның ішіндегі кейіпкерлерді талдауымен ерекшеленді.
Иә, расында “Үркердің” биік шыңды бағындыруына ел аузында жүрген шығармалар мен өзекті тақырыптар аясында болған талқылаулар арқау болды. Мысалы, шоқтығы биік тақырыптардың бірі Оралхан Бөкейдің “Қасқыр ұлыған түнде” атты әңгімесінің шығарылымы көрермен көзайымына айналып, жағымды пікірлер жинады. Себебі, журналист Оралхан Бөкейдің басқа емес, дәл барлық шығармасының тінін ұстап тұрған әңгімесін алған. Бұл тақырыпты талқылауға әрине жазушылардың ғана қауқары жетері анық. Содан болар, қонаққа белгілі жазушы Асқар Алтайды шақырған. Шағын әңгіменің желісіне мән берер болсақ, шығарманың кейіпкері Арайдың «... Бірақ сіздер мұндай ауылды менсінбей, тура, түзу де, жайлы тегіс жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп жазасыздар», - деуі сол заманның ешкім батылы жетіп басшылыққа айта алмайтын ащы шындығы екенін аңғарамыз. Автор шығармасында реалистікте, романтикалықта, сипат көптеп кездеседі.
Ал бүгінгі күнмен салыстырсақ, ғылым мен техниканың шырқау кезеңінде, дәл осы дамудың көлеңкесінде қалған жадау тіршілік кешіп жүрген ауылдардың бар екені де ақиқат. Шындыққа тура қарайық, әрине ауылдарға да бұрынғы кезге қарағанда барлық жағдайлар жасалып келеді. Десе де, кейде көңіл күйзелтетін тұстарын да жаңалықтардан көріп қаламыз.
Міне, “Үркер” бағдарламасының басқа бағдарламаларға қарағанда даралануының басты себебі, осы шығарманы оқуына, журналистік тұлғалығымен, романтикасымен, реалистігімен дана әрі дара журналист Оралхан Бөкейдің тұлғалығын жұртымызға жария салуында. Тәрбиесі мен тәлімі мол бағдарламаның қай шығарылымын тамашаласаңыз да оның астарында теңіздей терең мән-мағына барын ұғынамыз. Бұл, қазіргі журналистер арасындағы аға-буын өкілдерінің тәжірибемен жеткен жетістігі екенінде түсінуге болады. Өйткені, жүргізуші Жүсіпбек Қорғасбек те көрермен назарын осы бір даралығымен аударғаны бесенеден белгілі. Мақсаты мен мағынасы айқын, мықты бағдарламаның жарыққа шығуы тікелей журналиске де байланысты екенін ұмытпайық, жас және болашақ БАҚ өкілдері.
Жанель РАХЫМБЕРЛИНОВА
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
3-курс студенті