Университетіммен мақтанамын!
блог
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие болғаны көпке аян. Қазақстандағы білім мен ғылымның ірі орталығы, жоғары кәсіби мамандар даярлайтын инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы.
Маған талай түлектің арманына айналған ҚазҰУ-да оқу мүмкіндігі бұйырды. Грант иегерімін, Аллаға Шүкір! Шынында да, арман боларлықтай атына заты сай қалашықтың әсем көркі жанымды бірден баурап алды. Оқу жылы басталғанда бұл шаңырақтың өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екеніне көзім жетті. Осылайша менің студенттік өмірім басталып та кетті...
Студенттік шақ мектепте жүргенде оқитын романнан немесе ауызекі әңгімелерден естіп жүргеннен әлдеқайда қызықты да байыпты секілді көрініп кетті. Өйткені, Алматыдай үлкен қалаға келіп, ондағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу дегеніңіз жалғызсырау, бөтенсу деген әсерге тіпті де жібермейді екен. Себебі, мұнда бәрі жаңа заманның лебін танытып, білімге талпынған жалынды жастардың ынта-жігеріне дем беріп тұрады. ҚазҰУ - болашаққа деген нық қадамның бастауы, саналы ғұмырдың бір айғағы іспетті.
Бүгінде халыққа танымал болып жүрген талай азаматтардың ұшқан ұясы. Мен тәлім алып жатқан білім ордасының даңқты түлектері жайында естігенде, көңілім көтеріліп, бір марқайып қалатыным бар. Бір сәтке сол кісілердей болуды көзге елестетемін. Сол тұлғалардың отырған аудиториясында отырып, сол кісілерге сабақ берген ұстаздардан тәлім алып жүргенім маған күш-жігер береді. Әлемдік дәрежедегі білім мен спорт сайыстарында топ жарып жүрген ҚазҰУ студенттері сол аға буынның жалғасындай көрінеді. Өзім де сол үдеріске ілесе алсам, жетілгенім және одан әрі самғап ұша алатыныма сенемін.