Үңгірдегілер

Үңгірдегілер
жеке
блог

   Үш кісі сапарға шыққан болатын. Кеш болғанда, олар түнеу үшін бір үңгірге кірсе, төбеден үлкен тас құлап, үңгірдің аузы жабылып, қамалып қалады. Үлкен тас болғандықтан, оны қозғалту да мүмкін емес еді. Еш амалы болмаған үш жолаушы, бұл тығырықтан шығу жайлы кеңесіп, бір тоқтамға келеді. Олар: «әрқайсымыз, өз өмірімізде тек Аллаһ ризалығы үшін істеген жақсы амалдарымызды араға қойып, құтқаруды сұрайық»- деп шешкен еді.

   Олардың бірі қартайған әке-шешесі болғанын, оларды қатты құрметтейтін. Тіпті, әке-шешесін тамақтандырмай тұрып балалары мен малдарына тамақ бермейтіндігін айтты.

-Бір күн жұмыстарым көбейіп үйге кеш қайттым. Мен келгенімде әке-шешем ұйықтап қалған екен. Бастарында тамақ дайындап, оянуларын күтіп отырдым. Олар таңертең оянып тамақтанды. Оған дейін жанұяма тамақтануға рұқсат етпедім. Я Раббым, Сенің ризашылығың үшін әке-шешемді құрметтедім. Егер осы құрметтегенім саған ұнаған болса бізді осы жерден құтқара гөр, - деп жалбарынғанда тас біраз жылжыды, бірақ адам шығалмайтындай еді.

Үңгірдегі екінші адам сөз бастады:

-Нағашы ағамның бой жеткен қызы бар еді. Ол керемет сұлу, ашық мінезді, сүйкімді болғандығынан мен оған қол жеткізуді армандайтынмын. Бір күні мүмкіншілік туып оған 120 динар берем менімен бірге бол деп ұсыныс жасадым. Ол ақшаға мұқтаж еді, келісті. Екеуіміз оңаша қалып, оған жақындайын деп едім, ол маған: «Алладан қорықпаймысың!» деді. Я Раббым, Сені араға қойғаны үшін, Сенен қорққанымнан бұл істен бас тарттым. Егер бұл ісім Саған ұнаған болса бізді құтқара гөр,- деп жалбарынғанда тас жылжып, үңгірдің аузы біраз ашылды, бірақ одан шығу мүмкін еместін. 

Үшінші адам да шын ықыласпен істеген оқиғасын айтып береді.

-Қолымда біраз жұмысшылар істеді. Жұмыстары аяқталғаннан соң, олар риза болатындай есептестік. Олардың біреуі ақшасын алмай кеткен болатын. Мен оның ақшасына мал алып көбейтіп отырдым. Көп уақыт өткеннен соң әлгі жұмысшы келіп, ақшасын сұрады. Мен оған сол уақытқа дейін көбейіп кеткен малдарын көрсеткенде, ол сенбей, мазақтап жатыр деп ашуланды. Мән-жайды түсінгенде, қуанып малдарын алдына салып алып кетті. Я Раббым, сенің ризашылығың үшін оның ақысына қиянат жасамай, бәрін беріп жібердім. Егер бұл ісім Саған ұнаған болса бізді құтқара гөр,- деп жалбарынғанда тас жылжып, үңгірдің аузы ашылып, үшеуі де аман-есен құтылған екен.

(Мұсылман риуаятынан)