"Үндемес"
блог
Бауыржан аға Бабажановтың Facebook желісіндегі мына бір шағын да шынайы дүниесі жүрегімдегі бар күнәні бір сәтке болса да жуып-шайып өткендей әсер қалдырды. Қайран ауыл, қайран біздің ата-салт, қайран біздің киелі дәстүр! осының бәрін Әйел-Ана деген ұлы жүрегіне сидырған қайран біздің қасиетті ана-әжелеріміз-ай!
***
«ҮНДЕМЕС»
Менің шешемді жұрт сыртынан «Үндемес» дейтін. Үндемес десе, үндемес еді, жарықтық. Он ауыз сөзге бір ауыз сөзбен жауап беретін. Кішкентай кезімде менің кесірімнен көп сөз естіді. Балалық қой, біреудің есегін мініп кетесің, біреудің қауын-қарбызын ұрлайсың, біреудің баласының мұрнын бұзып қоясың, біреудің жайып қойған құртын «сыпырып» кетесің, сондайда аттан салып жететіндер бар болатын. Ауылдың қатындарының тілі ащы ғой, неше түрлі сөз айтып жатса да, шешем үндемей құтылатын. Тек жанына батып бара жатса, орнынан тұрып кетуші еді. «Айқайшы» кеткесін, ұрыспай, мені бауырына қысып, маңдайымнан иіскейтін. Ертеңіне әлгілер: «Түууу, шешей-ай, кеше бір ауыз сөз айтпай, мысымды құрттың ғой, жазықсыз адамға соншама сөз айтқаным не деп түнімен ұйықтай алмадым...» — деп келіп тұратын. Шешем тағы да үндемей, шәйнекке қол созатын...
Ол кісілердің қатарлары ерлерін пір тұтып, аттарын атамай кетті ғой, бір қызығы, шешем өз есімін де айтпайтын. Өйткені менің атам Өтеулінің де, оның енші бөліспеген інісі Бабанның да әйелдерінің аттары Зылиха еді. Шешем біздің әулеттің есігін үшінші Зылиха боп аттапты. Енесі мен абысынының аруағына деген құрметі шығар, «атым — Зылиха» демей-ақ өтті өмірден. «Атасының баласы» — ағамның ізімен біз жеңеше дейтінбіз...
...Шалының «түйе қарап» кеткеніне тура 100 күн толғанда үндемей кете барды. Мен жансақтау бөліміне кіріп барған сәтте бес-ақ минутқа ес жиғанын өзіме Алланың берген сыйы деп білемін. Бұл дүниелік емес екенін, бәріне риза екенін көзі «айтты»...
...Бүгін — шешемнің үзілген күні. Екі жыл өте шықты... Пейіште нұрың шалқығай, жеңеше!
ҮНДЕМЕС
Ана жақта... таппай қап бірдеңесін,
Айқай салып, шалың кеп: «Жүр» — дегесін.
Алды-артыңа қарауға мұршаң болмай,
Сен де кете бардың ба, үндемесім.
Жүрегіңді... көрместен шарқ ұратын,
«Үндемес» деп қойған-ды халқың атың...
Бірақ сенің көзіңнен төгілген нұр,
Миллион сөздің орынын толтыратын.
Көп ортаға кете алмай бейімделіп,
Бұрын барар жерлерге кейін келіп...
Жүрегіңе титтей де кір сақтамай,
Дүниеге қараушы ең мейірленіп.
Қол созбай-ақ асқар шың-зеңгірлерге,
Мойынсұнып әуелден жөн білгенге.
Әулие тұтып шалыңды,
Бірдеңе айтсақ:
— Әкең білед, соған айт! — деп жүргенде,
Ол кетіп қап...
Арылмай мұңды елестен,
Сағындың ба, күндерді бірге кешкен.
Қарағыштап қыр жаққа жүруші едің,
Кетіп қалдың бір күні үндеместен.
Бесігіңді Жер-Анаң тербетуде,
... Тұңғиыққа батамын мен де күнде:
«Пайғамбар мен Машайық болмаған соң,
Күнәсіз жан жоқ, сірә, жер бетінде.
Тек жақсылық күтетін айналадан,
Пенделікке жан ең ат байламаған.
«Он күнәнің тоғызы — тілден» дейді,
Сенің күнәң аз шығар, қайран анам».
Бауыржан Бабажан