«Қатын басқарған ел қараң қалады», «Саясат- әйелдің айналысатын жұмысы емес» деген стеротиптер халық арасында кең таралған. Алайда көне тарихтың қойнауына бір сүңгіп келсек, әлем елдерінде ақылына көркі сай, парасат-пайымымен ел басқарған нәзік жандыларды көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі – Индира Ганди.
Ол – Үнді елінің ғана емес, әлем халқы мойындап, аты аңызға айналған салиқалы саясаткер, сүйікті жар, ардақты ана.
Индира Гандидің саясатқа араласауы кездейсоқ болмаса керек-ті. Ол 1917 жылы ескіше Аллахабаде, қазіргі Уттар-Прадеш штатында белгілі адвокат, Үндістанның алғашқы премьер-министрі Жавахарлал Нерудың отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі Үнді қоғамының ең бай, жоғары брахманам кастасына жататындықтан, кішкентай қыздың балалық шағы қайғы мен берекесіздік, аштық пен зобалаңнан ада болды. Діндар ата-анасы қызының санасына «Байлық — дүниедегі ең басты нәрсе емес» деген сөзді сіңіріп өсірді.
Кішкентай Индира төрт жасқа толған шағында Үнді қоғамында британдықтар мен үндістер арасында өзара талас-тартыстар шиелінісіп, отарлық саясат асқына бастайды. Империяға іштей қарсылық ретінде үнді халқы олардың өндірген тауарларын сатып алу мен тұтынудан бас тартады. Бұл ұстанымды Неру отбасы да қолдайды. Отбасы мүшелері үйдің ауласында үлкен алау жағып, ойыншықтар мен сәнді көйлектер, бағалы маталардың бәрін қоса өртейді. Әсіресе, кішкентай Индираға өзінің ең сүйікті француз қуыршағымен қоштасу қиынға соғады. Ол сүйікті қуыршағын жанып жатқан отқа өз қолымен тастаған еді.
Индира сабырлы, зерек бала болған. Жастайынан әкесіне жақын қыз, әкесінің замандасы Үндістанның ұлттық тәуелсіздік жолындағы бірден-бір күрескері Махатма Гандимен қарым-қатынасы ерекше болған екен. Әкесінің қалай жұмыс жасайтыны, қонақтармен кездескен барлық әс-ірекеттерін бақылау кішкентай Индираға қатты ұнайтын. Елінің рухан көсеміне айнала білген Махатма Ганди Нерудің отбасына жиі келіп тұрған. Махатма Ганди кішкентай қыздың болашағына сенім білдіре отырып, сегіз жасқа толған Индираға өзінің туған қаласында тоқымашылық өнерді дамытатын, балаларға арналған одақ құруына кеңес береді.
Білімге құштар жас қыз сабақты өте жақсы оқыған. Осылайша мектепті бітірген ол, 1934 жылы Үндістанның атақты ақыны Рабиндранат Тагор негізін қалаған халықтық университетке оқуға түседі. Екі жылдан соң білімін Оксфорд университетінде жалғастырады. Сол тұста әкесі Жавахарлала Нерудің аяғын шалушылар аз болмаған.
Әкесі түрмеге қамалып, анасы Камала 1936 жылы өкпе ауруынан көз жұмады. Басына түскен ауыр қайғыдан қан жұтып, өзін жападан-жалғыз сезініп жүргенде, ол болашақ жары журналист әрі жас саясаткер Фероз Гандиді кездестіреді. Қиын-қыстау кезде дем берген де, қасынан табылған да Фероз Ганди еді. Осылайша екі жас бос уақыттарын бірге өткізеді. Алайда екінші Дүниежүзілік соғыс қамсыз студенттік күндердің шырқын бұзып, Индира отанына қайтуға мәжбүр болады.
Ол қиын уақытта үйде болу керек екенін түсінді. 40-жылдардың басында елдегі тәуелсіздік үшін жасалған қозғалыстар мен дүмпу үдей түседі. Осы кезеңде әкесі Неру саяси оқиғалардың басы-қасында болып, маңызды рөл атқарды. Индира әкесін әркез қолдап отырған. Үндістан тәуелсіздік алып, әкесі премьер-министр атанғанда, Индира Ганди оның хатшысы әрі басты көмекшісі болды. Индира үшін әкесі және оның саяси қайраткерлігі ең бірінші қатарда болды. «Менің тағдырыма – халқыма қызмет етуді жазған. Мен өлгеннен кейін де менің қанымның әрбір тамшысы Үндістан өміріне азық болады, әрі күшейте түсетін болады» деп жазады өлерінің алдында.
Оның жеке өмірі әрқашан екінші орында қалып қойды. Сондықтан болар, журналист әрі саяси қайраткер Фероз Гандимен арадағы махаббат хикаясы көп сұрақтың ұшын шығаратын. Екеуін біріктіретін, жақындастыратын саяси көзқарастары ортақ әрі көп еді. Бірақ, олардың қарым-қатынастарынан не романтиканы, не ынтызарлықты сырт көзбен байқау қиын.
Оның үстіне Фероздың отбасы зардұштылық отқа табынушы діни топқа жататындықтан түрлі касталар арасындағы неке Үндістанда қабылданбайтын. Зардұштылық отқа табынушы дінін ұстанатындардың жанына тіпті авобус ішінде де абыройлы брахмандар ғана емес, төменгі кастадан шыққан үнділер де отырмайды екен. Алғашқы жылдары ұзақ уақытқа дейін Индира Гандидің әкесі ол екеуінің некесіне түбегейлі қарсы болды. Алайда Индира өзі қабылдаған шешімнен бас тартпайды.
Парии мен көсем қызының некелескенін бүкіл Үндістан білген кезде сыйламаушылық сияқты ел ішінде қарсылықтар көбейеді. Тіпті физикалық зорлық-зомбылық күш көрсету де кездескен. Үнді халқының рухани көсемі, әулие Махатма Ганди ортаға түсіп, елге басу айтқан. Мұндай неке оларға неге керек болды, ол жағы жұмбақ болып қалды. Баспасөз беттері Ферозды сүйгенге ұқсамайды, олар бірге аз ғана уақыт тұрды. Ганди бар уақытын әкесінің жанында өткізді деп жазды.
Ғұмырбаян жазушылардың айтуынша, жолдасының төменгі кастадан шыққаны, өзінің абыройлы отбасында өскені, әкесінің ізін жалғастырушы ретінде саясаттағы жолы әйелдік міндетін орындауға мүмкіндік берген жоқ деп есептейді. Ынтымағы жарасқан қос жұптан Раджив пен Санджай есімді екі ұл дүниеге келеді. Ең бастысы жолдасы Фероз, Индира Гандидің саясаттағы карьерасын жалғастыруға қарсы болған жоқ. Сонымен қатар Гандидің өмірінде тек саяси жеңістер ғана емес жеке өмірінде де қайғылы жағдайлар жамала түсті.
Ол өміріндегі ең басты екі ер азаматтан айрылады. 1960 жылы күйеуі, 1964 жылы әкесі көз жұмады. Осындай ауыр қайғы кімге болмасын жығылған үстіне жұдырық болушы еді. Алдағы күресінде ол мықты күш жинап, өзін жарға тастаған жоқ. 1964 жылы парламенттің төменгі палатасына сайланады.
1966 жылы Дж. Нерудан кейін оның орнына келген Лал Бахадүр Шастридің өлімінен кейін Үндістан Ұлттық Конгресі партиясының көшбасшысы Индира Ганди Үндістанның Премьер-министрі болып тағайындалады. Жел сөз Гандиді де айналып өткен жоқ. Ел арасында оның билікке келуі әкесінің абыройының арқасында деген сықылды қаңқу сөздер тарап жатты.
Бар қажыр-қайратын Үнді елінің өсіп өркендеуіне жұмсаған Индира Ганди ел басқарған уақытта елдің еңсесі көтеріліп, экономикасы қарыштап дами түседі. Кедейшілік төмендеп, жеңіл және ауыр өнеркәсіп саласы жылдам дамиды. Ең алғашқы Ұлттық Банк пен атом электростанциясы салынады. Әлемнің бірқатар мемлекеттерімен дипломатиялық өте жақсы қарым-қатынаста болады. Ауылшаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге жетті.Үндістан сыртқы импорт тауарға тәуелді болудан құтылды.
Әрине оның өмірінде қабылдаған шешімнің бәрі сәтті бола бермеді. 1977жылы «отбасын жоспарлау» бағдарламасы парламенттік сайлауда жеңіліс тапты. 1980 жылы бәрінен бұрын кіші ұлы Санджайдың көлік апатынан қайтыс болуы оны күйретіп кетті. Радживтың саясатпен ісі болмаған. Керсінше кіші ұлының саясатқа қызығушылығы зор еді. Әрдайым анасына қолғанат болып, қолдап, анасының саясаттағы жолын жалғастыруды қалаған.
Үнді елін биікке көтерген Индира Ганди 1984 жылдың 31-ші қазан күні өз өмірін сеніп тапсырған оққағарларының қолынан қаза табады.
Қазіргі күнге дейін Үндістанда Индира Ганди есімін айрықша екпінмен, аса құрметпен атайды. Ол Үндістанның нөмірі бірінші ханымы атанды. Өз халқына деген мызғымас рух пен шексіз көңілі үшін еркіндіктің белгісі ретінде ел есінде мәңгі қалды. Әрқашан ол үйінің есігін көмекке зәру кембағал жандар үшін айқара ашты. Оның босағасын өзінің мұңы мен зарын айту үшін миллиондаған үнді аттаған. Сол сүйкімді, нәзік әйел өзінің бақытымен жеке өмірін құрбан етіп, тұтас ұлттың анасы атанды.