Ұнату ма? Жақсы көру ме?
блог
Тілімізде мағынасы бір-біріне жақын сөздер көп. Мағынасы жақын болғанымен, олардың айырмашылығы жоқ дегенді білдірмейді. Кейде сол айырмашылықтарға мән берілмей кейбір сөздер орынсыз қолданылып жатады. Мысалы,
Кешіріңіз! Сіздің ақшаңыз құлап қалды.
Cая мультфильм қарап отырғанда (отқанда емес!), оны маса тістеп алды.
Мен гамбургер жегенді жақсы көрмеймін.
Төменде осындай сөздердің мен байқаған айырмашылықтары берілген. Алып-қосарыңыз болса, мархабат.
Ауыр зат құлайды не оны құлатады |
Жеңіл зат түседі не оны түсіреді |
Ағаш, адам / бала, ғимарат, т.б. құлауы мүмкін |
Жапырақ, қағаз, қасық, нанның үгіндісі, алма, қар, т.б. түседі. |
Бірнәрсеге қараймыз |
Бірнәрсені көреміз |
Айнаға, терезеге, балаға, айналаға, көңілге, аспанға, т.б. қараймыз. Айтпақшы, сабақ қарамаймыз, сабақ оқимыз. |
Теледидарды, жаңалықтарды, сериалды, бағдарламаны, жақсылықты, кемшілікті, т.б. көреміз. |
Жәндіктер шағады |
Тісі бар мақұлықтар тістейді |
Маса, жылан, ара, өрмекші адамды тістемейді, олар шағады. Сондай-ақ, қалақай да шағады. |
Адам, қасқыр, ит, арыстан, мысық, т.б. тістейді. Айтпақшы, ит қауіп алуы да мүмкін. |
Ұмытып қалу |
Ұмытып кету |
Ойымыздағы нәрсені / бұрын болған оқиғаны не көрген адамның түрін ұмытып қаламыз. Қожа ережені ұмытып қалды. |
Затты, не жасалуы тиіс нәрсені орындауды ұмытып кетеміз. Ал үйге берілген есепті шығаруды ұмытып кетіпті. |
Бұл екі тіркестің мағынасын ажырата алмау қазақ тілін жаңадан үйренушілер арасында жиі кездеседі. |
Ұнату 1) Әлсіздеу; 2) Жалпы зат, құбылыс, жануар, іс-әрекетке қатысты қолданылады. |
Жақсы көру 1) Күшті 2) Көбінесе адамға / ерекше ұнататын іс-әрекетке қатысты қолданылады. |
Маған жемістердің барлығы ұнайды. Сізге бақаның терісі ұнайды ма? Ол боянғанды ұнатпайды. |
Жолдасымды жақсы көремін. Мысықтар ұйықтағанды жақсы көреді. |
Сонымен, жоғарыдағы сөйлемдердің дұрыс нұсқасы (менің ойымша, әрине):
Кешіріңіз! Сіздің ақшаңыз түсіп қалды.
Сая мультфильм көріп отырғанда (отқанда емес!), оны маса шағып алды.
Мен гамбургер жегенді ұнатпаймын.