Ұнатам күзді...
блог
Күнделікті күйбең тіршілікте біз күтпеген сәттер мен оқыс оқиғалар жиі орын алып тұрады. Кейде туған күн кештерінде бір ауыз тілек айту кезегі келгенде, аузыңа сөз түспей сасып қалатын сәттер де болады. Кейде бір әнді толық айта алмай тек қайырмасымен шектеліп те жатамыз. Ия, барлығын естігенбіз, білеміз. Бірақ «тіліміздің ұшында» қалып кететіні бар...
Сондай сәттердің бірі – өлеңді жатқа айту. Алда-жалда сізден ұстазыңыз, танысыңыз немесе сүйіктіңіз бір өлең жатқа айтып берші деп қолқа салса, оған сіз дайынсыз ба? Егер ондай қолқа салмайды деген күннің өзінде сіз өзіңіздің қанша өлеңді жатқа білетініңізді білесіз бе?...
Егер менен дәл осындай қолқа салса, соңғы кезде ең бірінші ойыма еріксіз оралатын өлең – Әділ Ботпановтың «Ұнатам күзді» жыры... Неліктен бұл өлең? Оқып көріңіз. Бәлкім сіздің де күз туралы сезім пернелеріңізді дәл басып берер...
Ұнатам күзді,
Жапырақтарды уақыттың алып ұшқаны,
Түскені жерге... сандалып, сабылысқаны.
Қор болып қалды-ау сап-сары сағыныштары,
Жұбатам күзді.
Бақта да сәнді,
Қыдырым алыс ақылгөй ақымақтардан,
Жұбатам сосын көңілді қақырап қалған.
Бақыттырақпын мен аздап жапырақтардан,
Мені ешкім таптамаған-ды.
Дегенмен-дағы,
Өмірдің соңы сап-сары бақ боларына,
Тірліктің күйкі отына қақталарыма,
Жапырақ сынды бір күні...тапталарыма
Сенем мен тағы.
Бәрі де бекер,
Мәңгілікті ойлап қайдағы кетілді жаным,
Өлемін ақыр...оған да бекінді тәнім.
Тек қана жапырақтардың соңғы әні секілді әнім
Әріге кетер...
Жаңбырлап қыз-күз,
Көңілсіз күйдің түскенде торына ғалам,
(Болмашы бақыт тапқанда сорынан адам)
Жапырақтарды бүріскен қолыма алам,
Тағдырласпыз біз...
Кей жырлары жұмбақ ақынның өмірі де жұмбақ... Ізім-ғайым жоғалып кеткен Әділдің жырлары жоғалмақ емес. Жасай береді.
Ия, күз туралы Әділден өзге талай ақындар жыр толғады. Біріне күз шабыт сыйласа, біріне күз - көңілсіздіктің мекеніндей көрінді...Ал сіз үшін күз?...Немесе күздің көркі не?... (Жауап күтемін))...