Ұмытылған салт: Мүше алу (Эстафета)
блог
Ар ма, қазақ елі!
Қазақтың Жаңа жылын қарсы алуға да санаулы күн қалды. Ұлыс мейрамына орай, ұлттық ғұрыпты жаңғыртып, есте жоқ ескі дәуірдегі дәстүрлерді есіркеу мақсатында эстафета бастаған Назым Сапароваға, қостаған Мәлік Сейтбекке алғыс айта отырып, көп созбай кезегімді жалғайын.
Салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Шынтуайтқа келгенде, біз – жастар қай салт ұмытылған, қай салт қазіргі күні орындалып жүр деген мәселе төңірегінде жетік білмейміз. Оның үстіне, «Әр елдің салты басқа» деген тағы бар, яғни Маңғыстауда әр той сайын орындалатын жол-жоралғы Шымкент жұртына мүлде бейтаныс болуы мүмкін. Сондықтан «Қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан қандай салт-дәстүр бар?» деген сұрақты ауылдағы бапама (атама) қойдым. Сол кісінің аузынан жазып алғанымды сіздерге шама-шарқыма қарай жеткізейін.
Мүше алып қашу
Ертеде «Мүше алып қашу» (не «Мүше алу») деген салт болған. Той-томалақта, мерекелік жиында 5-6 салт атты жігіт көпшілік отырған жерге келіп, жеңгелерінен «Мүше беріңіз» деп сұрайтын болған. Мүше сұраған бір жігітке жүзік, айна секілді бағалы нәрселер салынған түйіншек берген. Жігіт оны алып, қаша жөнеледі, өзге жігіттер ізінен тұра қуады. Бұл «Көкпар» ойынына ұқсайды. Жігіттер қашқан жігітті қуып, түйіншекке таласады. Мүше алып қашқан жігіттің мақсаты – қолындағы түйіншегін ешкімге алдырмай, сүйген қызына апару. Ал айырылып қалса, түйіншекке ие болған жігіт оны өз сүйіктісіне апарады.
Бұл салттың мақсаты, тәлімдік мәні – жігіттерді ептілікке, қырағылыққа баулу.
Эстафета кезегін Мәулен Әнербаевқа беремін.