Ұмытылған әншілер
блог
Осы бір соңғы 15 жылда қазақстандық эстрадаға небір әншілер келіп-кетпеді десеңші. Бағана твиттерде біреу сұрап жатыр, Зарина Алтынбаева деген әнші болып еді ғой, естеріңізде ме деп... Әрине, айтқан әндері мен сөздері жатталып қалмаса да әйтеуір есімізде. Әсіресе бір опералық туындыға ма шығарған бейнеклипі болып еді, сол кездері қымбат бейнеклиптер қатарында болатын.
Содан кейін Нұрлан Бимурзин деген әншісымақ болды. Есімде қалғаны ол Рахат Тұрлыхановтың жақын досы болатын. Ең үздік әндерінің бірі Парвиз Назаровпен айтқан дуэті ғой деймін.
«Яшлык» деген топ болды. Дильшат Ахмадиев бастаған бұл топтың
На исходе лета, снова жду ответа
Новой любви, новой зари за окном
На исходе лета, счастье бродит где-то деген бір жақсы әні бар еді. Жалпы «Яшлык» тобында жақсы әндер болды, бірақ өздері мәңгілікке келместей кеткен сияқты.
Сосын Албина Ганиева деген де әнші болған. Бейнеклиптердің бірінен соң бірін шығарып, кейін тұрмысқа шығып, эстрададан жоғалды.
(Интернетте осы суретін тауып алғаныма мәз болып кеттім ))
Дали деген де әнші болды. Қазіргі кезде «Туған қалам - Семейім» әнін сол ең алғаш эстрадаға алып шыққан болатын.
Жақында ғана радиода «Супермодель» деген ән ротацияда жүрді. Әншісінің есімі – Шармани екен. Клипін көріп едім, бұрын сонау 2000 жылдары шыққан Шармани шығар деп шырамыттым. Егер нақты сол болса бір грамм қартаймаған екен.
Әлбетте, 2000 жылдардағы қазақстандық эстраданың метрі – Кирилл Лиді де атап өтпеске болмас. «Карина», «Восьмиклассница» деген әндері естеріңізді шығар. Әйелі Алинамен бірге көрермендерге талай бейнеклип сыйлады. Бірақ уақыт өте келе шаршаған болу керек, ұзаққа демалып кетті.
Тағы да Ильяс (Аутов емес) деген атпен әнші болған. Орта жастардағы әнші, сығандардың ритмикасымен бір танымал әні де бар еді. Интернеттен ол туралы еш мәлімет таппадым.
Руна деген әдемі әншінің «Все не говори, не говори, только о любви, лишь о любви» ма, сондай хит әні болған. Ол да көрінбей кетті.
Қазір тек есіме осылар түсіп отыр. Әлбетте, әрқайсы шоу-бизнесте ойып орын ала алмай кетсе де, сол кездері қазақстандық өнердің өшіп қалмауына ықпал етті, олардан кейін қазақстандық эстрада биік деңгейге шыға қоймаса да, қазіргілерге жол салып берді деп ойлаймын. Аталғандардың көбі эстрадаға ақшаның бар болғанынан, қызығушылықтан келді. Баян Есентаева бір сөзінде айтып еді: «Эстрадада тек өнерлі, текті адамдар ғана қалады. Жай ғана қызығушылық үшін келгенде бір күні жоқ болады». Осы сөздерінің жаны бар сияқты.