Күз. Сарғайған жапырақтар. Ары- бері күнделікті арпалыс пен қарбалас дүниеге түскен, сабылған адамдар. Күзгі саябақта өзінше әдемі көрініс беріп тұр. Жолда екі шеті сары жапырақтармен көмкеріліп, адамға ерекше сыр айтуда. Саябақтағы халық та мейірлене, күннің шуағы секілденіп, бір-біріне жымия қарауда.Анау жердегі айдында керемет жарасып, мойындарын бір-біріне созған аққулар жүзіп жүр. Айдынның бер шетіне көз салсаңыз қос орындықта бір- біріне құштарлана қарап отырған қос ғашыққа көзіңіз түседі. Оған қарама-қарсы орындықта жас кездерін есіне алып отырған екі қарияны көресіз. Жол бойында балаларының қызығына тоймай, соның әуеніне төңкеріліп жүрген жас ата- ананы байқайсыз. Өмірдің қандай тамаша көрінісі десеңішші?! Алайда мұндай тамаша көріністерді көру баршамызға бұйырмағаны өкінішті.
Осы күні Айнұрдың көңіл-күйі де ерекше.Таң ата салысымен күнделікті уақытынан ерте оянып алыпты. Мен бұл уақытта миым оянғанымен, көзімді аша алмай жатқан едім. Бірақ бәрін сезіп жатырмын. Айнұр әлде бір қызықты фильмді тамашалап отыр. Сыңғырлаған күлкісі жанымды бірде қуантып, бірде жылатады. "Шіркін, Айнұрдың көзі көріп кетсе ғой",- деп арман етудемін. Менің армандарым орындалса, Айнұр үшін бүкіл әлемді шарлатар едім,- деп қоямын. Айұрдың менің бөлмеме келе жатқанын таяғының даусынан сезіп жатырмын:
- Ей, қыз! Тұрсаңшы. Түс болды ғой. Келін болсаң қандай келін боласың өзі? Ата- енеңе өздерің шәйларыңды іше беріңдер деп айтатын шығарсың ?,- деп әдемі күлкісімен сыңғырлап күліп алды да жаныма отырып, ұзын, аппақ саусақтарымен шашымнан сипай бастады. Менің жүрегім атқақтап тұр. Себебі, бүгін Айнұр ерекше сезіммен қарап отыр және бүгін өңі де аппақ тартып, ерекше сұлуланып кеткен.
- Құрбым, саған рахмет! Сен болмасаң не істер едім?-деп маған алғысын білдіруде. Мен әлі өз-өзіме келер емеспін. Жә, тұрсаңшы енді. Сенің демдеген шәйіңді ішкім келіп тұр,- деп орнынан тұрып кетті.
Екеуіміз шәйімізді ішіп алғаннан кейін, саябаққа серуендеуге шықтық. Айнұр бұрын серуендеуді ұнатпайтын еді, бүгін қатты асықты. Екеуіміз суретке түсіп біраз сыр тарқаттық. Айнұр кенеттен:
- Білесің бе құрбым ? Бұрын осы саябақты көре алмаған соң серуендеуге шыққым келмейтін. Ал бүгін барлығын көрдім.Аққуларды да, қол ұстасқан екі жасты да, жас кездерін есіне алған қарияларды да тіпті жас ата- аналарды да көрдім. Мен ешқашан ешнәрсе көрмей кететін шығармын деп ойлағанмын, бірақ жаратушым маған бұл ғажап көріністі түсімде көруді нәсіп етті. Менің алғашқы және соңғы түсім болар. Осы түстен кейін көз жұмсам да арманым жоқ еді,- деп күрсініп алды.
Бұл күн шынымен де Айнұрдың соңғы күні екен.Осы күздің шуақты күнінде мен құрбымды жоғалтып алдым.
Таң атты. Менің көзім ашылмағанмен миым оянды. Айнұрдың жаныма келіп, ұзын саусақтарымен менің шашымды сипағанын күтіп жатырмын. Бірақ ол келмеді. Егер қайта келетін болса, мен орнымнан тұрмас едім. Ол менің шашымды сипай беретін еді. Ол қайта келетін болса, мен оны саябаққа алып шықпас едім. Мен оның алақанының астында өмір бойы жата беруге дайын едім. Бірақ ол келмеді. Ол келмесе де, менің үміт үзгім келмейді.