Ұлының үйіне барма, үнін есті

Ұлының үйіне барма, үнін есті
жеке
блог

Бүгін дәрісте Түркия мемлекетінің реформаторы, әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері, Түркия Республикасының негізін қалаушы тұлға және оның тұңғыш президенті Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің балалық шағынан бастап оның қайраткерлік қызметі, жеке өмірі, қайтыс болған шағына дейін баяндалған көркем фильм көрдік. Фильмнің аты «Қоштасу». Мелодрама жанрында түсірілген.

Менің таңқалатыным, түрік тарихында көптеген билеуші сұлтандар бар. Алайда Мұстафа Кемал Ататүріктің орыны түрік бауырлар үшін орыны ерекше. Қай жерге барсаң да Ататүрік ескерткіші, Ататүрік суреттері. Лауазымды адамдардың кабинетімен мемлекеттік мекемелерді санамағанда әр дәрісханада, әрбір жатақханада, жатакхана комендантының кабинетінде де Ататүріктің суреті мен оның түрік жастарына қалдырған өсиетін және әнұранды көруге болады.  Көпшілігінің жалпы осыған дейін там-тұмдап болса да Ататүрік жайында хабарымыздың болғаны анық. Оның тізбектеп толық өмірбаянын айтып отырмай-ақ қояйын. Алайда өмірде болған оқиғаның желісі бойынша түсірілген бұл фильмнен көп мәлімет алуға болады. Оқиға барысы бала кезінен бері келе жатқан жан досының хатқа түсірген жазбалары бойынша баяндалады.

Бала Мұстафаның әкесі Әли Риза Ефенді ерте өмірден өтіп, анасы Зүбейде ханым  екінші рет басқа біреумен тұрмыс құрады. Анасына өкпелеген Мұстафа үйден кетіп қалып  Манастрде әскери мектепте оқиды.

Көркем фильм Мұстафа Кемалдың соғыс жылдарындағы қайраткерлік қызметін барынша көрсетуге тырысқан.  Жан-жақтағы шегір көздер мен жегір көзді жаудың ортасында қалған Түркияны азат етудегі ерлігі мен ескі дәстүрді дәріптеген Османлы империясының ыдырауы кезіндегі оқиғалар тізбектеледі.

Галлиполи операциясы кезінде дивизия командирі қызметін атқарған Мұстафа Кемал өзін дарынды қолбасшы ретінде көрсетеді. Кейінірек ол Анадолы және Палестина майдандарында әскери ұрыс қимылдарды  сәтті орындап Бірінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында атақ-даңққа ие болады. Осман империясының соғыста жеңіліп, ақыр соңында ыдырайтынын әлдеқашан болжап қойған еді. Антанта тарапынан империяны әлсіретіп, ел іші бөлшектене бастағаннан кейін Мұстафа Кемал Түрік ұлттық қозғалысын құра бастайды. Ол кейін Түрік тәуелсіздік соғысына ұласады. Анкарада уақытша үкімет ұйымдастырып, ол Антанта мемлекеттері жіберген әскерлердің бетін қайтарып тастайды.

Фильмде Мұстафа Кемалға ғашық болған Фикрие ханымның рөлі өте сәтті шыққан бейне. Фикрие – Мұстафа Кемалдың анасы Зүбейде ханымның екінші жолдасы Рагып мырзаның бауырының қызы. Ағалы-қарындас болып жүрген екеуінің арасында кештің бір күнінде түсініксіз сезім оянады. Сол күннен бастап Фикрие «ағаның» орнына Мұстафаны «пашам» деп атайды.  Түбіркүлезге шалдыққан Фикрие  Мюнхенге емделуге кетеді. Ататүріктің Ләтифе деген әйелге үйленгенін естіген Фикрие Ататүріктің үй-жайына оралады. Алайда Ләтифе Мұстафа Кемалге кездестірмей үйдегі қызметшілерге бұйрық беріп қуып шығады. Алайда Фикрие Мұстафа Кемалдың үйінің алдында өз-өзіне қол жұмсайды. Мұстафа Кемал бұл оқиғаға көп уақытқа дейін қайғырып жүреді.  

Еуропаша білім алған Ләтифаға үйленуге Мұстафаның анасы әу баста қарсы болған еді. Уақыт өте келе бұған өзінің де көзі жете бастайды. Небәрі үш жыл ғана отасып ол әйелден ажырайды. «Ұлы адамның үйіне барма, үнін есті» деген сөз осындайдан шықса керек.

Ататүріктің ұрпағы неге жоқ?  Әлде көптеген ұлы адамдардың артында ұрпақ қалмайтыны өмірдің заңдылығы ма екен. Бақытсыз неке, уақытылы отбасын құрмау, қайраткерлік қызметте жүру дейміз бе. Мен оқытушыдан сұрағанымда ол былай деп жауап берді: «Ататүрік – түм түріктің идеалы.  Егер оның артында  ұрпағы қалса, бүгінгі күні оның ұрпақтарына сын көзбен қарайтын еді». Бұл сөзден Ататүріктің балаларды қаламағанын түсінесің.  Шынайы өмірде жеті қыз бен бір ұл асырап алғанын тарихи деректер растайды.   

Мұстафа Кемал Ататүріктің арманы – Түркия мемлекетін осы заманғы, демократиялық және зайырлы ұлттық мемлекет етіп құру болатын.Оның бұл арманы орындалды.

Егер қызықтап қараймын десеңіздер, интернетте орысша субтитрмен берілген нұсқасы да бар.