Соңғы постым 2016 жылы болыпты. Содан бері 3 жыл өткен. Massaget.kz-те түк өзгермеген. Амал жоқ, қазақ тілді аудитория момын ғой. Отыра береді. Сол үш жылда көп нәрсе өзгерді. Отбасын құрып, дүниеге Әміре есімді азамат әкелдік. Сол күнгі қуанышымды сіздермен бөлісе өтейін.
Ол кез айқын есімде. Түнде ноутбук алдында фильм қарап отырғанмын. Сол сәтте Жансая маған қарай жүгіріп келді.
Яғни, суда өміріп сүріп жүрген бала, сол суды шығара бастаған екен. Мен деген не істерімді білмей, бірден мамама(тәтеме) жүгірдім. Ол кісінің медицинада xабары бар. Еш шусыз, даусыз барлық керек заттарды жинап, өз көлігімізбен перинаталдық орталыққа беттедік. Біз барсақ, орталық босанып жатқандарға лық толы. Жататын орын жоқ. Осыдан кейін мемлекеттің анаға деген қамқорлығын және болашаққа қарай жүруді ұмытқанын бақылауға болады. Сол күннен кейін әйелдер қауымына деген құрметім ұлғайды. Осындай толғақтан өтіп, енді туам деп кеп тұрғанда орталықта орын болмағанына шыдаған әйелдер батыр.
Сөйтіп, Жансая бұл күні босанбады. Өйткені ақ xалаттылар жалған толғақ болған деді. Келесі күннің таңына дейін ұялы телефонмен ғана сөйлестік. Мен де өзімнің қияли сұрақтарымды тықпалай бастадым. Себебі мен кішігірім шокта жүрдім. Таңға қарай үйдегі мамка толғақ басталып, ішке кіргендерін айтты. Содан мамам мен ұлымның анасы ұзаққа жоғалып кетті. Мен қаланы әрі айналып, бері айналып қобалжып, таксилетіп, кей адамдарды тегін тасығанымда болды. Қобалжығаным соншалық, өзімді Жансаяның орнына қойып, қатты қиналғаным да бар. Енді не істемейсін? Уайымдайсың.
Таң ата көзім ілініп отырғанымда, маған мамамнан xат түсті.
"Әке болуыңмен", хатпен бірге мына керемет сурет келді. Осы сәтте қуаныштан көзіме жас алдым.