ҰЛЫЛАР

ҰЛЫЛАР
жеке
блог

                         Ұлылар

Сан ғасырлар жүйтки соққан ызғардан,

Жер-­Ананың жүрегінде мұз қалған...

Ей, Ұлылар, от аламын сендерден,

Кейінгіге соңында өшпес із қалған.

Ісіменен бар әлемді таң қылған,

Жүректерде иман отын жандырған.

Адамзатты құтқарам деп түнектен,

Алла елшісі асыл дінін қалдырған.

Бар ынтасы бір ғылымға ауыпты,

Ынтасыздық бәрінен де қауіпті...

Адамзатты құтқарам деп түнектен,

Ал Эдисон

Шамды ойлап тауыпты.

Уақытты бойкүйездік жалмаған...

Арманымен биіктерге самғаған.

Өмірге әкеп телефонды

Грихем Белл

Дүниенің екі шетін жалғаған.

Түсінеді ақ­-қара, шын-­жалғанын,

Ойлы жандар биік түйсік ­талғамы...

Маржан ойлар, жауһар жырлар

Абайдан,

Шекспир мен Пушкиндерден қалғаны.

Сан ғасырлар тоқтамаған ызғардан,

Жер­Ананың жүрегінде мұз қалған...

Ей, Ұлылар, қуат алам сендерден,

Кейінгіге соңында өшпес із қалған.

Өмір солай, бәріміз де кетерміз.

Өтпесе екен бекер көктем, бекер күз..

Ал біздер ше?..

Ал біздер ше, бауырым,

Кейінгіге не қалдырар екенбіз?

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА