Ұлығымызды ұлықтай алып жүрміз бе?
Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың атында Иордания, Түркия және ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінде көшелер бар.
Қытайдың атақты философы Мо-Цзы: «Елдегі ең құнды нәрсе- халық, содан кейін- билік, бәрінен құны аздауы – билеуші» деген екен. Елдегі болып жатқан келеңсіз оқиғаларды қит етсе елбасына жабамыз. Мәселен, халықтың жұмыссыздығы, мұнай шикізат көздерінің дұрыс игерілмеуі тағы тағы шешімін таппаған мәселелер. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әр жылғы жолдауында осы мәселелердің шешімін іздеп, үкімет басшыларына тапсырма беруде. «Жұмыспен қамту 2020», «Қазақстан 2050 даму стратегиялық бағдарламасы» т.б. Бұл жерде біз президент тапсырмасының орындалуын үкімет басшыларынан талап етуіміз керек.
Белгілі айтыскер ақын, Жүрсіннің жүйріктерінің бірі Ринат Заитов:
«Жақсылықты елбасының еңбегі деп,
Жамандықты жабамыз бір Аллаға.
Біздің ел ұқсайды бір шығармаға,
Сөздері басталатын «Н»-дан ғана»- деп көсіле жырлайтыны бар. Әрине, Қадыр атамыз айтқандай « Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған». Дегенмен, шектен асып алаштың мұңын жоқтайды деген ақындарымыз, елбасымызды кіналаудан аса алмағаны бізді қынжылтады.
Бауыржан Момышұлының «Ерім дейтін жұртың болмаса, елім дейтін ерің қайдан болсын» деген сөзі бар. Алаштың бағына туған асыл ұлдарымыздың қадіріне жете білейік. Жаңа ғана еліміз тәуелсіздігін алғанда тізгінді алған Н.Назарбаев Қазақстан үшін талай мақтанарлық дүниелер жасап, келісімдерге қол қойды. Тәуелсіздік алған 22 жылда жеткен жетістігмізді санамалап отырсақ, біздің ел біраз биікке көтерілді. Ең бір елеулі жетістігіміздің бірі Сарыарқаның төрінде бой көтеріп, сәнімен салтанаты жарасқан алтын шаһарымыз Астананың салынуы. Жас астанамыздың төрінде дүбірлі самиттер мен жиындар өткізіп жатқанымыз төрткүл дүниеге атағымызды паш етіп жатыр. Елордамыздың 100 жылдық тарихы бар Париж, Сеул, Нью-Йорк сынды әлем астаналарымен терезесін теңестіріп «Экспо 2017» көрмесін өткізу мәртебесін иеленуі тағы бір жетістік. Әйтседе, санамалай бастасақ, саусақ талар кемшіліктер де жоқ емес. Ең үлкен олқылығымыз: Байқоңыр ғарыш айлағының зардаптары, болащағта орны толмас өкінішке соқтырмаса игі.
Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Мен егер текөзімді ойлағанда, осыншама жылдар еңбек еттім, енді демалысқа шыққан болар едім» деген еді. Осы бір сөзінен-ақ елбасымыздың қара бастың қамы емес, қара халықтың хәл- ақуалы алаңдататын байқауға болады.
Сырт көз сыншы. Елбасымыздың көрегенділігіне өзгше мемлекеттер оң бағасын беріп, өздеріне үлгі қылуда. Оған бір ғана мысал: 2010 жылы Иордания, Түркия және ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінде Н.Ә.Назарбаевтың атына көшелер беріліп, ескерткіштер орнатылған. Бұл игі істер өзге мемлекеттің біздің патшамызға деген құрметі һәм Қазақ халқына деген сыйластығы десек артық айтпаған болар едік. Қашанда хан бағасын халық берген. Ақ киізге көтеріп сайлаған хандарын «Аттанға салып» тақтан тайдырып жатқандарды да көз көріп жатыр. Міне, өзгелер өз патшасына көрсетпеген ілтипатты біздің елбасына көрсетуде.
Менің бұл мақаладан айтқым келгені, қазақ халқы қашанда ұлығын ұлықтап, ақ киізге көтеріп сайлаған ханын қастерлеп отырған. Бүгінгі мемлекетіміздің президенті Н.Назарбев жайлы пікіріміз қандай? Елдегі барлық келеңсіз жәйттің бәрін елбасымыздың іс әрекеті десек, ерен еріміздің еңбегінің еш кеткені еме пе?
Мен бұл мақалам арқылы президентті мақтап сұлу сөзбен сарай соққым келген жоқ, әрине. Біз, жастар, болашақтың тұтқасын ұстар азаматтармыз. Аға буының соқпағын жалғастыру басты мақсатымыз. Тек кемшілікті емес, жақсылықтарды көргіміз келеді. Өзгелер патшасындай көтеріп құрметке бөлеген ұлығымызды ұлықтай алып жүрміз бе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?