ҰЛЫДАН ҰЛАҒАТ

Ақ қағаз жарықтықтың ақтығы, пәктігі – өзінің соры. Кіршіксіз аппақ таза бетіне айғыздап не шатпақтасаң да, бәрін көтере береді. Бала кезімізде қариялар: «Қағаз – құдайдың бір аты. Қағазды баспаңдар, былғамаңдар, жаман нас сөз жазып қорламаңдар, күнә болады», – дейтін. Әттең-ай, сол күнәға батар кезде қолыңды кейін серпіп тастайтын, қаламыңды тежейтін құтқарушы бір күштің бола бермейтіні өкінішті! Күнәға батар кезде шиыршық ата орныңнан тұрып кетуге ылғи шама келмейтіні қиын.

       ...Сол күннен бері талай жылдар сынаптай сырғып, өң мен түстің арасында өте шығыпты. Баяны да, байлауы да жоқ, қас-қағымда тындым болатын шолақ жалған деген сол ғой. Ол кезде мен екі мүшелден жаңа өткен, қазіргі өз келінімнен де жас болатынмын. Көргенімнен көрмегенім көп еді. Айналама кең қарап, терең ойлауға өрем жете бермейтін. Келе-келе әр нәрсені байыппен барлайтын көкірек көзің ашылады екен. Сонда зерделеп қарасам, өзіңді аяп, мүсіркеу деген адамды обырдай обып, басыңмен жұтып жіберетін, көңіліңді күйттеуден басқаны көрсетпейтін нағыз тажалдың өзі екен. Адам бойындағы кесапаты үлкен бір дерт екен. Әркімнің ниет-пиғылы өзіне жолдас болатынын, ішкі жан дүниең қалай өзгерсе, әлем де солай өзгеретінін ойлы-қырлы өмір өткелдерінен өте жүріп түсінеді екенсің...

 

                                                                ***

 

Телефонда сөйлесе білу де кісілікті көрсетеді. Қалтаңда он диплом болғанымен сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң – нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениетті болу – қаздиып қатып киініп, шіреніп машина мініп, шікірейіп қызметкер болу емес. Мұның бәрі – көз алдар сыртқы қабық қана. Маймылды малындырып үлде мен бүлдеге орап, машинаға отырғызып қоюға болады. Одан маймыл мәдениетті болмайды, бәрбір ол битін теріп жегенін қоймайды. Өйткені тегі солай. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қаныңда бар тектілігің мен бойыңа сіңген жақсы тәрбиең қандай деңгейде екендігінен мәдениетің көрінеді... (Б.Момышұлы)

                                                          Зейнеп АХМЕТОВА, "Бабалар аманаты".

  (Аталмыш кітапты "Санат" баспасының дүкенінен алуға болады. Қосымша ақпарат үшін 87016520613)



Бөлісу: