әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 1 наурыз күнін көктемнің алғашқы күні деп қана қабылдамайды. Бұл күні қара шаңырақ ұлы тұлға, өнегелі ғалым, академик Өмірбек Жолдасбеков рухына тағзым жасап, қалашық төріндегі ғалым ескерткішісі гүл қояды.
2024 жылдың 1 наурызы да дәстүрге айналған ерекше үрдіспен өрнектелді. Академик Өмірбек Жолдасбеков ескерткіші маңында университет басшылығы, университет ұстаздары мен студенттері жиналып, жылы естеліктер айтылды. Ескерткіш алдында жиналғандар жоғары оқу орнының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Өмірбек Жолдасбековтің рухына тағзым етіп, білім мен қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаны еске алды.
Университетіміздің басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Л.Қ. Еркінбаева университет басқарма төрағасы-ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың ыстық ықыласын жеткізді. Ж.Қ. Түймебавтың қолдауымен академик Ө.А.Жолдасбеков негізін қалаған ҚазҰУ қалашығының екінші кезеңінің жүзеге асырылып жатқандығы айтылды. Проректор Л.Қ.Еркінбаева 1984 жылы ректор қызметінде жүрген Өмірбек Жолдасбековтың қабылдауында болған кездерімен бөлісті. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 16 жыл басқарған ректор, академик Ө.Жолдасбековтің қарапайымдылығын, іскерлігін, сол кездегі жастарға деген қолдауының ерекше екендігін айтып, бүгінгі қазақ еліне сіңірген, университет үшін жасаған еңбегінің бағасының жоғары екендігіне тәнті болды. Филология факультетін бүгін де асылдың сынысы, тектінің тұяғынан қалған ұрпақ Джолдасбекова Баян Өмірбекқызының басқарып отырғанын мақтанышпен атады.
Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Баян Өмірбекқызы да өз әкесін мақтанышпен есіне алды. «Отбасында өнегелі әке, қызметте үлгілі басшы бола білді, өз балаларымен қатар еліміздің қаншама жастарына өз қамқорлығын көрсетті. Әкемнің сол шәкірттері бүгінге еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Біраз шәкірттері бүгін осы іс-шараға келіп, өз естеліктерімен бөлісіп, әкеме деген ілтипаттарын білдіріп жатыр» деп барша жиналған қауымға өз ризашылығын білдірді.
Ғылыми-техникалық, инженерлік ғылымның қалыптасуына ерекше үлес қосып, еліміздегі механизмдер мен машиналар теориясы мектебінің негізін қалаған ғалым, қазақ жастарына ұлттық тәрбие беріп, ұлтжанды азамат ретінде тәрбиелеуге атсалысқан қоғам қайраткерінің еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Әр ҚазҰУ студенті академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков рухына үнемі тағзым жасап жүрері анық.
Жайна Саткенова
Филология факультеті деканның
оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары