Ұлы Отан соғысы жылдарындағы баспасөз

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы баспасөз
жеке
блог

Бұқаралық ақпарат құралдары заман талабының қиын болғанына қарамастан, халыққа әрқашан тың ақпаратты жеткізіп отыруға тырысқан. Осындай қиын-қыстау кез ретінде бес жылға жуық уақытқа созылған Ұлы Отан соғысы жылдарын айтуға болады. Осы жылдары соғысқа дейін жарық көріп тұрған «Лениншіл жас», «Коммунист», «Пионер», «Әдебиет және искусство» сынды газет- журналдар 1941 жылдан бастап шығарылуын тоқтатты. Себебі, қаржы мен күш әуелі әскери газеттерге қарай бағытталып, әдеби, салалық, облыстық басылымдардың саны едәуір қысқарды. Жабылған газеттер мен журналдардың міндетін «Социалистік Қазақстан» мен «Казакстанская правда» газеттері атқаруға тиісті болды. 

Аталған газеттердегі мақалалар мазмұны еңсесі түскен жауынгерлер мен халықты рухтандыруға және майдан жайынан хабар беруге арналды. Газет беттеріне айбынды ұран тастап мақала жазғандардың арасында Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғали Орманов, Ғабит Мүсірепов сияқты зиялы тұлғаларымыз да болды. Мәселен, 1941 жылы 20 шілдеді жарық көрген «Социалистік Қазақстан» газетінің №169 санында М. Әуезов, Ғ. Орманов және Ғ. Мүсірепов қол қойған «Жеңеміз, біз, жеңеміз» деген атпен шағын памфлет жарияланды. Қазақстан жазушылар мен журналистер одағының атынан сөйлеп тұрған үш қаламгердің жазғандарынан келер күнге артқан мол үміттері мен жеңіске деген сенімдері анық байқалады. Сонымен қатар, жауға деген ыза мен кекті, халықтың еңсесін көтеретін рухты аңғаруға болады. 

Газеттерде тек тылдағы жазушылардың публицистикалық мақалалары ғана жарияланған жоқ. Сонымен қоса, Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев, М. Ғабдуллин секілді майдандағы басқа да қазақ жауынгерлердің рухқа толы хаттары басылып отырды. 

Баспасөз арқылы қарапайым халық жауынгерлердің соғыс қимылдарын және ерлік көрсетіп жүрген ерлермен таныс болып отырды. Ғабит Мүсіреповтің «Батырлар ұрпағы» атты мақаласының 1942 жылғы 17 қарашадағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялануы бұл сөзіме дәлел бола алады. Мақала Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапқан 28 батырға арналған. Тайсалмай жауға қарсы тұрып жанын берген 28 жас Қазақстан ұлдары атақты Панфилов дивизиясында болғанын, олардың әдейі іріктеліп шыққан топ емес екенін, батырлық бойларына дарыған, қанындағы қасиет екенін айтады. Автор сөзін «оларға ел риза, тарих риза» деп аяқтайды. 

Басылымдар 1942 жылдан бастап тікелей майданнан жарық көріп тұрды. Ең алғашқы қазақ тіліндегі майдандық газет Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газеті. Одан бөлек «Майдан ақиқаты», «Сталин туы», «Қызыл армия» деп аталатын газеттерде жарық көрді. 

Қорыта айтқанда, соғыс жағдайына қарамастан баспасөз қызметін тоқтатқан жоқ. Қиын болса да өз міндетін толыққанды атқарып отырды.