Ұлы Жеңіске арналған «Наша война» деректі сериалы экранға мамыр айының басында шығады

Ұлы Жеңіске арналған «Наша война» деректі сериалы экранға мамыр айының басында шығады
жеке
блог

Қазақстандықтардың Ұлы Жеңіске қосқан елеулі үлесі туралы «Наша война» деректі сериалының тұсаукесер көрсетілімі «Еуразия» бірінші арнасында өтеді. Картина «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қорының және «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының қолдауымен түсірілді.

Енді жаңа ешнәрсе ашылмайтындай көрінетін еді. Мектеп оқулықтары, әскери жылдардың кинохроникасы, Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар статистикаға толы – бір миллион екі жүз мыңнан астам қазақстандық сол кезде майданға жұмылдырылып, олардың жартысынан көбісі Отанға оралмады, бес жүзге жуық адам Кеңес Одағының батыры атағын алды. Халық олардың атын әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр.

Лейтенант Рақымжан Қошкарбаев Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа алғаш рет Жеңіс туын тікті. Ерліктері әлемдік тарихта қалған атақты Панфилов дивизиясы. Лейтенант Бауыржан Момышұлының қолбасшылығымен батальон жауынгерлері Мәскеу түбіндегі шайқас кезінде асқан ерлік көрсетті, ол үшін Кеңес Одағының батыры атанды. Рейхстагтың қабырғасына жазылған Төлеухан Шайділдиновтің «Мен – қазақпын, Қазақстаннан келдім. Қан майданда жүріп Мәскеуден Берлинге дейін жеттім. Рейхстагқа шабуыл жасап, жеңіске жеттік» деген сөздері әлі де ардагерлердің жадында. Ұлы Жеңістен кейін 70 жыл өтсе де, ақындарға қалам ұстауға, режиссерлерге фильм түсіруге, журналистерге сол сұрапыл соғыстың белгісіз беттері туралы жаңа деректер жазуға шабыт беретін тұлғалардың бұл бірлі-жарымы ғана.       

 
«Наша война» сериалының түсіру алаңы ұлан-ғайыр. Деректі сериалдың кейіпкерлерін іздеу барысында түсіру топтары бес ел мен екі құрлықты қамтыды. Фильмде көрермен сипатталатын сахналарға қатысып отырғандай таңғажайып амал пайдаланылды. Оған нағыз әскери техниканы пайдалану, әскери киім киіп, сол заманның қаруын асынған сарбаздар арқылы қол жеткізілді.

Әсіресе атап өтетіні, сериал авторлары 70 жыл бұрынғы әскери хикаяларды кино түсірудің заманауи технологиясымен үйлестіре білді. Осылайша, картинада уақыт кезеңдерін біріктірудің графикалық тәсілі қолданылды. Жүргізуші соғыс хроникасынан біздің заманымызға өтеді. Бір кадрда екі заман көрсетіледі. Дәл кадрда  тұрып, жүргізушінің киімі өзгереді, бастапқыда кеңсе костюмін киген ол бір адым жасап, әскери гимнастерка киген күйінде екінші кеңістікке енеді.

Адам тағдырлары мен естеліктер қабысып жатады – бұл осыған дейін беймәлім болып келген деректі материалдың, адамдардың бастарынан өткізгенінің және түсірілген дүниелердің үлкен ауқымы. Фильм сол Ұлы соғыстың тірі қалған кейіпкерлерімен, ардагерлермен және тыл еңбеккерлерімен кездесулерді көрсетеді.

Сериалдың тұсаукесері Жеңіс күні қарсаңында «Еуразия» бірінші арнасында болмақ.