"Ұлы Жібек жолында жанғырған Көкжар жәрменкесі"

  Ұлан байтақ қазақ даласының батысында жатқан Ойыл өңірі ежелден-ақ әрқилы ұлттардың назарын өзіне аударған. Ойыл өзенінің алқабы ежелден халықтың көп қоныстанған сүйікті мекені. Сонау Асанқайғы, Қазтуған заманында бұл алқап хан ордасы орнауға лайықты деп аталады. "Ойыл қайда,Жем қайда, Сағыз қайда?" деп, осы аумақты қоныстанған халық сағыныш сүйіспеншілікпен еске түсірген. 

    Қыркүйектің 20-21-і күндері Ойыл ауданында Ақтөбе облысының 80 жылдығына орайластырылған "Ұлы Жібек жолында жанғырған Көкжар жәрменкесі" атты этнофестиваль өтпек. ХІХ ғасырда атағы дүрілдеген баяғы Көкжар жәрменкесін халық санасында жаңғырту мақсатында осы шараны ұйымдастырып отыр. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткізгелі отыр. Осы этнофестиваль аясында "Ұлы дала сарыны" атты дәстүрлі музыка өнерінің халықаралық фестивалі өтеді. Оған Алматыдан Абдулхамит Райымбергенов, ұйғыр фольклорлық ансамблі, Башқұртсаннан, республикамыздың әр облыстарынан белгілі өнер шеберлері қатысады. 

     "Батысқа жібек жолын жалғаған жер" атты семинар-кеңес өтеді. Ұлы Жібек жолының Ойыл арқылы Батысқа жол тартқанын біреу білсе, біреу білмес. Осындай ауқымды дәрежеде ұйымдастырылып отырған шараның халыққа берері мол екені рас.

    Келешекте табиғаты да керемет, мәдени мұраға да бай Ойыл өлкесі туристер ағылатын мекенге айналады деп ойлаймын...

        Қуандық Шаңғытбаев ағамыз жырлағандай:

                           "Кел біздің Ойыл, Қиыл саламызға,

                            Жан сая самал ескен даламызға,

                            Байлаулы балдай тәтті бағыланымыз

                            Сары қымыз сапырулы сабамызда..."



Бөлісу: