«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде белгілеп көрсеткендей ескірмес тарихымызды ұмытпау – ұлт үшін үлкен міндет. Осыған орай тәуелсіздік алған кезеңнен бері әр жылды ата-бабаларымызға арнау керемет бір құбылысқа айналғандай. 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып аталғанымен биыл керемет мерекелі жыл деп саналуда. Оған себеп биыл елімізде Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді.
Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, оның 200-ден астам трактаттары жарық көрген. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы талабына қарасақ, бұл жұмыстарды әлі де тереңдете түсу керек. Әл-Фараби сияқты ғұлама бабамыздың еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аудару орайында, әлі де көп тер төгуге тура келеді. Ол үшін лингвисттер мен тарихшылардың бірлесіп жұмыс атқаруы тиіс екендігі белгілі. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Филология және Әлем тілдері факультетінің Жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы Ұлы тұлғаның мерейтойына арналған халықаралық семинар өткізді. Дәріс барысында әл-Фарабидің тек ғылымға қосқан үлесі ғана емес, әлем мәдениеті мен өнеріне арнаған еңбектері жайлы да аталып өтті. Жиынға Ресей халықтар достастығы университетімен (РУДН) қатар түрікмен және түрік студенттері де қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Дәрістің мақсаты жастарға тарихты ұмытпай, мұраларды дәріптеуге шақыру болатын. Біздің бүгініміз ертеңгі ұрпаққа тарих болса, біздің тарихымыз асыл мұра екендігін жадымызда сақтайық.
ҚазҰУ-нің 1-курс магистранты Карбозова М. А.
ҚазҰУ доценті Досанова А. М.