Ұлы даланың ән күй өнері

     Ұлы даланың тарихына үңілсек ертеден бері талантты өнерпаздар 50 ден аса түрлі аспаптарда күйлер орындаған. Ол аспаптар қатарына домбыра, жетіген, сыбызғы, қобыз, дауылпаз, асатаяқ тағы басқалары болды. Ерте замандардан бері ақындар мен күйшілер және әншілер әрдайым халықтың жанынан табылған. Біздің халқымыз кеңпейілді әрі қонақжай, ақындар немесе әншілерді қонақ ету үлкен мәртебе саналған. Бір үйде ән-күй шырқалса бүкіл ауыл жиналып тыңдайтын болған. XIX ғасыр қазақ ән өнерінің алтын ғасыры саналады. Сонымен қатар сол замандағы ұлы өнерпаздар Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал, Естай болды. Қазақтың музыка өнерін нотаға түсіру XIX ғасырдың аяқ кезінде басталған болатын. Оған дейінгі көптеген музыкалық мұрамыздың біркатары, өкінішке орай біздің заманымызға  дейін жетпеді. Қазақтың аса ұлы күйшісі және күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1879) бала кезінен музыкалық дарыны бар екенін танытып, өз бетінше алуан түрлі күйлерді тартып үйренген. Құрманғазы қазақ күйлерін шебер орындаумен қатар домбырада орыстың «Коробейники» («Қыдырма саудагерлер»), «Светит месяц» («Айдың сүттей жарығы») деген әндерін де құйқылжыта орындаған. Біздің заманымызға дейін оның сазгерлік туындыларынан 60-қа жуығы ғажайып, көркем де асқақ сезімге толы күйлері жетті. Оның «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ақсак киік», «Түрмеден қашқан», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Қайран шешем» сияқты басқа да күйлері халық сүйіп тыңдайтын тамаша туындылар қатарында. «Кішкентай» атты күйі Бөкей хандығы қазақтарының халық-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлына арналған. Құрманғазының күйлері халқымыздың мәдени дамуына қомақты үлес болып косылды. Көрнекті композитор Дәулеткерей Шығайұлының (1820-1887) қырыққа жуық күйлері сақталған. Оның  «Жігер», «Бұлбұл», «Керілме» сынды күйлері әсем нақышымен ерекшеленеді. Айтыс ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі болып табылады. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында бар. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек. Әдетте әр рудың өз айтыс ақыны болған. Олар өз руының атақты адамдары батырлары мен билерін, балуандарын мадақтап, дәріптеген, оларды өзгелерге үлгі етіп көрсете білген. Айтыс ақындары өлеңді алдын ала дайындамаған, нақты жағдайға орай аяқ астынан суырып салып айтатын. Олар бірінің сөзін бірі іліп алып кетіп, өлеңмен сөз сайысына түс- кен. Айтыс ақындары өздерінің білімін, ақыл-парасатын, шешендігі мен тапқырлығын танытуға бар күшін жұмсайтын.Олар қазақ халқының тарихын, шежіресін, тегін, дәстүрлі салт-санасы мен әдет-ғұрпын жақсы білуге тиісті еді. Айтыс кезінде ақындар домбыра, сырнай және қобыз сияқты музыкалық аспаптарда ойнаған. Айтыс жалпы халық арасында ашық өткізілетін. Айтысты тамашалауға келген жұрт өздерінің қолдау білдірген көтеріңкі дауыстарымен жеңімпазды анықтаған.Ондай жеңімпаз айтыскердің атақ-даңқы қазақ даласына, халық арасына тез жайылып кететін.

 

 

               Тасилова Айкена

        Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

    Тарих факультетінің 2 курс магистранты

         Жетекшісі: PhD, доцент м.а

            Байдавлетова Мадина

 



Бөлісу: