ҰЛЫ "ДАЛА ҚОҢЫРАУЫ"!

ҰЛЫ "ДАЛА ҚОҢЫРАУЫ"!
жеке
блог

«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады», - дейді ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы. Мектеп дейтін алтын ұяның дүрсілдеп соққан жүрегі – мұғалім екені сөзсіз. «Мұғалім» атты жеті әріпті сөздің жімле ғаламға таратар сәулесі мен шашар нұры тым бөлек. Ол – ұстаз, ол – ақын, ол – тәрбиеші, ол – ой дарытушы, ол – ақылшы, ол – тәлім мен тәрбие бесігі. Айта берсең сөз, жаза берсең жыр жетпейтін «алтын адамдардың»бірі де бірегейі – сенің мұғалімің. Ол саған адам болуды үйретті, ол саған өмір жолын үйретті. Сондықтан да, әрбір саналы азамат ұстаз алдында бас иіп, мың тағзым етуі тиіс. Тіпті, жарты әлемнің билеушісіне айналған Ескендір Зұлқарнайын:

-    Мен мұғаліміме әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектің бәрін алдым, - деген сөзі бағзы заманнан бүгінгі күнге дейін ұстаз дейтін ұлы атаудың ұлағатының ұлықталып келгенінің айқын дәлелі де болар.

«Өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаған» менің дара ұстаздарымның бірі – Суанбеков Нұрлан ағай. Білімі мен білігі, тәжірибесі мен қажырлы да қайратты еңбегінің арқасында талай шәкірт бойына білім отын маздатқан, «жерді сипаттап жазуды» әр шәкіртіне жік-жігін ажыратып үйреткен, саналы ұрпақ пен салихалы қоғамның қалыптасуына үлесін тигізіп, ел дамуы жолында жастайынан еңбек сіңіріп жүрген бұл жан –  өмірлік ұстаз.  Әрдайым қолдау білдіріп, жаңа бастамаларға жол сілтеп отыратыны үшін, қандай жағдай болмасын, артқан сенімі рухыма өң дарытатыны үшін де ұстазыма мың алғыс айтқым келеді. Бүгінгі күні Тараз қаласындағы «Білім –инновация» лицейінің дарынды ер балаларының айбынын асқақтатып, білім нәрімен сусындатып жүрген, Республика көлеміндегі үздік ұстаздардың санатында тұрған мұғаліміммен неге мақтанбасқа? Елбасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «100 жаңа есім» жобасынан ойып тұрып орын алуға лайық бірден-бір тұлға – Нұрлан ағай. Мен ұстазымды мақтамаймын, керісінше, осындай білікті маманның шәкірті болғанымды мақтан тұтамын! МЫҢ АЛҒЫС СІЗГЕ!