Ұлы адамдар қарапайым келеді. Ал, ұлы да қарапайым болудың шарттары неде?

Ұлы адамдар қарапайым келеді. Ал, ұлы да қарапайым болудың шарттары неде?
жеке
блог

Адам ұлы болған сайын қарапайым бола түседі екен. «Қарапайым адам жеміс ағашына ұқсайды, мәуесі бар бұтақтың жерге иілуі – жемістің көптігінен» дегенді оқып едім. Расымен де, кейде үлкен басшылармен, ғылым докторларымен, танымал тұлғалармен тіл табысу оңай, әрі жағымды боп жатады. Бұл ол тұлғалардың ұлы, әрі қарапайымдылық қасиеттерінен болса керек. Керісінше, жанына жолата қоймайтын, аузынан бір-екі сөз алу қиынға соғатын, жанына жуысаң тезірек кетіп қалғың кеп тұратын «үлкен» адамдар болады.

Ал енді ұлы, әрі қарапайым тұлға боп қалыптасу үшін нені ескеріп, нені ұстану керек? Бір кәдеге жарар деп мен өз жиған-тергенімді ортаға салайын:

  1. Өзгенің қамын жеу. «Қара бастың қамын ойлап, өз қуанышымен шектеліп жүре бергеннен адам баласы рухани өспейді. Адамды өсіретін де, биіктететін де – өзгенің қамын жеу» дейді Б. Нұржекеұлының «Ерлі-зайыптылар» романындағы бір кейіпкер.  Өзгенің қамын жеуде «қалың елім қазағым» деп өткен Абай атамыз бәрімізге үлгі болса керек. Құнанбай қажы Абайды сынап «Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды» дегенде, «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін...» деп жауап берген екен.  
  2. Кітап оқу. «Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл, адал кітап». Бұл Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесінен». Бар байлық кітапта. Елбасының «Кітап оқығандар компьютердің алдында отырғандарды басқаратын болады» деген сөзін еске алыңыз. Кітаптан алар білім мен тәрбиені қоспағанда тіл байлығын арттыруда пайдасы ұшаң теңіз екенін ерекше айтқым келеді. Көркем әдебиеттің арқасында қазақтың тілін бал тамызып, шұрайландырып сөйлейтін болсыз. Өз басым бағасыз байлығымыз «Абай жолының» тіл байлығына, сөздік қорына қайран қаламын.
  3. Білім іздеу. Біз өмір бойы білім іздеп өтуге міндеттіміз. Онсыз биік тұлға болып қалыптасу мүмкін емес, көптің бірі боп қала бересің.  Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден бастап барша ғұламалар, тарихи тұлғалар өмірінің соңына дейін ілім үйренумен болған. Корея Республикасының бұрынғы президенті Ли Мен Бак кітабында «Мен үнемі жаңа нәрсені үйреніп білімімді жетілдіріп отырамын, осылайша өзіңді дамытпасаң жұмыста табысқа жету қиын» деп жазады. Бұл тұрғыда біздің Елбасы үлкен өнеге боларлық тұлға. Теміртауда еңбек жолына қадам басқан жас шағында күндіз жұмыс істеп, кешке оқу оқып ілім үйренумен болғаны санасы бар жасқа ой саларлық.


Адам қоғамда өзінің қарапайымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен бағаланады екен. Барлықтарыңыздың қоғамда жақсы бағаланып, ұлы да қарапайым тұлға болып қалыптасуларыңызға тілекшімін, құрметті жас достар!