Ұлы Абай ауылында...2
блог
Сүт пісірім уақыттай лезде өтіп кеткен бұл сәтті әлі де болсын түсіне алар емеспін.Қас-қағым сәтте қара сөзден қамшы өретін,от ауызды,орақ тілді,ақылы асқан дананы өз көзіммен көру адам айтса нанғысыз құбылыс.
Бала кезімнен бері ұлы Абайдың өлеңімен сусындап,қара сөздерінен нәр алып жүрген мен үшін Абайдай асқақ ақын,Абайдай өр тұлға жоқ.Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың бейнесіне қарап,сол заманның кертартпа саясатына қарап қынжылған ел билеушісін,халықтың басым көпшілігінің сауатсыздығына налыған ел ұстазын,ел-жұрттың мұңын шағып,жыртысын жыртқан,артық-кемді бүкпелемей,өмірдің кедір-бұдырын ашына суреттеген қазақтың бас ақынын көремін.Абай тұлғасы кітаптан оқығаннан да басқаша,тілмен айтып жеткізе алмай қиналғаным-ай!Семей қаласынан Шыңғыс баурайына алып-ұшып сағына жеткен бала Абайдан,құз-жартасты жарып шығып жапырақ жайып, шынарға айналған дана Абайға дейінгі Абай бейнесін «Абай жолы» эпопеясынан оқыдық,ал мен көрген Абай,жәй ғана емес ұлы ақын Абайдың бет пішімі,тұлғасы тіптен өзгерек.Дөңгелек жүзіндегі қаба сақалын ақ шалған ел ағасы,кең даланың азаматы,заманының жаршысы,ұлт қайраткері,ұлы ақын Абай бейнесінен Абай көрген жайды,Абай кешкен халді,Абай ұққан, сезінген үзік сырларды бір шолып,пайымдадым. «Қалың елім,қазағым,қайран жұртым...» деп елінің ертеңіне алаңдап; «Тамағы тоқтық,жұмысы жоқтық,аздырар адам баласын...» деген өткір жолдармен еңбексіздікті,талапсыздықты сынап; «Қазақты жеңген қайратты ел» деп отаршыл патшалық Ресейді ашына суреттейді;ел ішінің бұзылып,өтірік гулеп кеткенін,ел арасында бірлік іздеп,әділдік айтар адам қалмағанын «Ызалы жүрек,долы қол,улы сия,ащы тілмен» сынап мінейді, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп ер жеткен соң қолын кеш сермеп,одан махрұм қалғанын өз басының айықпас қасіреті ретінде өкінішті сыр етіп шертеді.
Көңілімнің жайлауынан іздеп жүрген ұлы Абайды Шыңғыс баурайындағы Абай қоныс тепкен жайлаудан кезіктіремін деген оқиға үш ұйықтасамда түсіме кірмеген еді.Ұлы Абай алдында тілге сөз түспей қалғаны өкінішті.Тағы бір өкініш Абай өлеңінен жадыма өрнек тоқыған мен,Абаймен тілдесе алмадым.Жаныма жақын ақынымның жанымда тұрып міз бақпауы,тіпті,тіл қатпауы қандай жаман!..Ұлы ақын сонау 19-ыншы ғасырда дүниеден өтіп кеткен еді,ал енді бұл жерде мен сияқтымын,тірі өліктей Абай атаға жалтақ-жалтақ қарап қоямын.Күбір-күбір дауыстар естіледі,әсіресе Абайдың айтқан әрбір сөзі жадымда жатталып қалды. “…Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектін бәрі де ақымақтық”-деген Абай атаның сөздері ендігі кезекте менің ұраным!..
...Қас пен көздің арасы...Бір қарасам жаңағы киіз үй де,жайлау да,ұлы ақын,жаныма жақын ақыным-Абайда көз алдымда зым-зия,ұшты-күйлі жоғалып кетті.Не болғаны түсініксіз.Басқа әлемге барып келген секілдімін...Әлде,миым шаршайын деген бе,о дүниедегі Абайды көрерліктей жын қақты ма,белгісіз...Сө-ө-й-т-с-е-е-ем жаңадан бері түс көріп жатыр екенмін.Әттең,түс болмағанда ғой,өңім болғанда,шіркін!..Сонда да түсімде болсын ұлы Абай атаны көрдім,ол өмір сүрген ортаның ауасымен тыныстадым (түсімде),кең жайлауды жалпағынан басып жүрдім,бұдан асқан не керек?!Жаныма жақын,жүрегімнің көзін ашқан,ақылдың пернесіне білім нәрін құйып,болашағыма жол ашқан Абайдың өлеңдері болмаса өмірімнің арнасы 270 градусқа өзгерер ме еді?..Ұлы Абай болмаса қазақ - қазақ болып қалар ма еді?..
...Жаныма жақын ақыныммен көріскен шым-шытырық оқиғаның шегіне де келіп жеттік. «Абайды тірілтіп жын көрінген бе мына қызға» деп те ойлаған шығарсыздар,жоқ,олай емес.Мен тірілткен жоқпын,Абай тірі болмаса да Абай бар,себебі ұлы Абайдың өзі айтқандай:
Өлді деуге сия ма , ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Жаныма жақын ақын дегенде ойыма ең бірінші ұлы Абай ата түсе кетті.Шәкәрім,Мұқағали,Мағжандар үлгі алған тұлға-Абайды жазу,Абайды оқу парызым.Бұл менің ғана емес ет жақыным-барша қазақтардың парызы.Абайды білмейтін қазақтан қорқып,Абайды сүйетін ұлтпен мақтанайық!