Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз жазу заманы – жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман… А.Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың әдебиеті, қазақ жазуы мен тарихында орны үлкен тұлғалардың бірі. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ел қатарына қосылып, білім алуына етене жан таласып, көңіл бөле бастаған алғашқы қазақ зиялысы. 1905 жылы Ресей «Кіндік үкіметіне» жазылған петициядан, редакторы болып «Қазақ» газетін шығарып, оның бетінде мәселелер көтеруінен, қазақ балаларын ана тілінде сауаттандырып, әрі ана тілінде оқыту үшін жүргізген күресінен, ең соңғысы сол ана тілінде оқытатын оқулықтар жазуынан, халық ағарту кадрларын дайындап, жас қазақ интелегенциясы өкілдерін баулуынан танылады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ елінің ұлттық ғылымында жүргізген жұмыстардың бір саласы оқулықтарды енгізу болатын. Сол тұста, қазақ тілі мен әдебиетте сан салалы зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, оқулық пен жазу мәселесін жауапкершілікпен ұлт мүддесі тұрғысынан қараған. Ол патша заманындағы кирилл таңбасына мойынұсынбай, төтеден жол іздеді. Ахмет Байтұрсынов патша өкіметі кезінде ұлт жазуының таңбасын алуда аса сақтықпен қарап, қазақ халқы өзінің болмысын жоғалтпайтындай, дыбыстық ерекшеліктерін беретін әрі ислам дінің уағызы арқылы келген араб графикасын таңдаған болатын. Ахмет Байтұрсынов филология саласында ғылым-реформатор, қазақ тілі мен әдебитінің негізін салушы болатын. А.Байтұрсынұлы туралы тіл саласында бірнеше зерттеу еңбектері жазылғаны бізге мәлім. Ахмет Байтұрсынұлы оқу жүйесіне де түбегейлі реформа жасады. Өйткені соған дейінгі оқыту жүйесі таза араб тілінің фонетикалық ерекшеліктеріне негізделіп, құран сүрелерін жаттауға бағытталатын және жазба тіл араб, парсы, түркі тілдерінің грамматикалық ерекшеліктеріне сүйенетін. Қарапайым халықтың ұғынуына қиын тиетін бұл оқыту жүйесін ұлттық, жалпыхалықтық деңгейге көтеріп, «жаңа (жәдид) бағытта» дамытқан А.Байтұрсынұлы болды. Патша заманында Ахметтің әліпбиі, яғни төте жазуы 1912 жылдан қолданыла бастаған. Төте жазудың да бірнеше ерекшеліктері болғанын атап айтсам, қазақ тіліне сәйкес келмеген басы артық әріптер әліпби құрамынан алынып, дауыстылар жүйесі қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес таңбаланды. Бұл әліпбиде 24 әріп, 1 дәйекше белгісі енгізілген. Яғни үш ақ дауыстысы бар араб әліпбиін, қазақ тілінің үндестік заңына сүйене отырып, еш қиындықсыз қазақ жазуына ыңғайлады.
Ахмет Байтұрсынұлы егемен елінің ұрпағы тарапынан «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» деп ұлықталған тұлға, ғұлама ғалым. Себебі ұзақ жылдар бойы қолданыста болған араб жазу жүйесі үш түрлі сатыда қызмет еткен болатын: қадим, жәдид, төте жазу. Осылардың ішінен төте жазу Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиіндегі, ана тілінің сауатын ашуға ең тиімді құралы ретінде танылған болатын.
Ұстаздың барлық еңбектерімен А.Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан өндірістік тәжірибеден өту барысында таныстық, ғылыми тәжірибемізді арттырдық. Өндірістік тәжірибе бойынша бізге жетекшілік етуші оқытушылар: Р.С.Имаханбет, Ш.А.Шортанбаев және ғылым магистірі А.И.Есентаева.
Мөлдір Бейсен, ҚазҰУ, филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті, жетекші, ф.ғ.к., аға оқытушы Райхан Имаханбет