Ұлттық зияткерлік ойынның қамқоршылары

Ұлттық зияткерлік ойынның қамқоршылары
жеке
блог

Елімізде енді республикалық тоғызқұмалақ федерациясының Қамқоршылар Кеңесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Астанада өткен алқалы жиында Дүниежүзілік және Республикалық Тоғызқұмалақ федерация президенті Алихан Байменов мәлімдеді. Ұлттық зияткерлік ойынның дамуына үлес қосу үшін елге танымал бірнеше азаматқа ұсыныс жасалған.

Астанадағы The One қонақ үйінде Дүниежүзі және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациялары басшылығы жылды қортындылап, өткен жылы белсенді жұмыс істеген аймақтарды марапаттады. Осы кездесуге федерацияның Қамқоршылар Кеңесіне мүше болған қайраткерлер келіп қатысты. Олардың сапында М.С. Нәрікбаев атындағы университеттің Басқарма басшысы Талғат Нәрікбаев, Алматы қалалық Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, “Мұнайсервис” заңды тұлғалар бірлестігі төрағасы Рашид Жақсылықов, Астана қалалық Мәслихаты төрағасы Ерлан Қаналимов, “Tas Group” компаниялар тобының иесі, кәсіпкер Дулат Тастекей, Павлодар облыстық Мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, “Respublica”партиясының аппарат жетекшісі Бақытбек Хамит бар. Ал ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов Қамқоршылар кеңесінің төрағасы боп тағайындалды.

Қамқоршылар Кеңесі бейресми ұйым. Оның басты мақсаты - тоғызқұмалақтың дамуына, стратегиялық бағыттарын анықтауға көмек көрсету және жалпы тоғызқұмалақтың танымалдылығын арттырып оның жан-жақты жүйелі дамуына қолдау көрсететін тұлғалардың басын біріктіру. Дүниежүзілік және Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Байменов жиында барша қауымдастық атынан тоғызқұмалаққа демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге, қоғам қайраткерлеріне және барша тоғызқұмалақ жанашырларына шын жүректен алғысын жеткізді. Әсіресе бүгін құрылған Қамқоршылар Кеңесіне кіретін азаматтардың осы игі қадамы тоғызқұмалақтың дамуына жаңа леп беретінін атап өтті. Жиын барысында Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Әкім Тұрсұн тоғызқұмалақтың қазіргі дамуы және алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады.

“Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы” 2023 жыл қорытындысы бойынша “Ең үздік” номинация иегерлерін марапаттады.
Ең үздік аймақ - СҚО;
Ең үздік қала - Шымкент қаласы;
Ең үздік жергілікті федерация - Алматы қаласы;
Ең үздік төреші - Қыдырбаев Әлімжан (Алматы қаласы);
Тоғызқұмалақ жаршысы - TEKTURMAS Ютуб арнасы;
Тоғызқұмалақ жаршысы - Әсел Далиева; Қарқынды дамушы федерация- Жамбыл облысы;

Бұл кездесуге аймақтардағы федерация басшылары мен бас жаттықтырушылар да қатысып, кешке дейін күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды. Биыл Астанада 5 жылда бір өтетін көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Бұл бүкіл түркі әлемі үшін ғана емес дүниежүзінің көптеген мемлекеттері үшін маңызды шара болмақ. Сондықтан қызу дайындық жүріп жатыр. Мысалы басқасын айтпағанда әлемнің 50 елінен тоғызқұмалақ ойнауға командалар жиналады. Бұл бұрын-соңды болмаған. Оны жоғары деңгейде өткізу- болашақта осы ұлттық зияткерлік ойынның дамуына серпін болады.

Кездесудің өтуіне ұйытқы болған кәсіпкер, тоғызқұмалақ жанашыры Мақсат Раманқұловқа алғыс білдіреміз.