Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің т.ғ.к., доцент Г.Б.Қозғамбаева және 2-курс магистранты М.С.Қалиасқарованың ұйымдастыруымен Физика-техникалық факультетінің Физика мамандығының 1 курс студенттерімен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің 26 жылдығына орай «Ұлттық теңге мәртебесі» атты ашық тәрбие сағаты 2019 жылдың 25 қазан күні өтті.
Президент Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленген. Тәуелсіз мемлекетіміздің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Соған орай физика-техникалық факультетінің 1-курс студенттерімен «Ұлттық теңге мәртебесі» деген тақырыпта ашық тәрбие сағаты өтті.
Ашық тәрбие сағатының мақсаты – тәуелсіз еліміздің айрықша белгісі теңгемен тереңірек таныстыра отырып, ерте орта ғасырлардан бастап қазақ даласында сауда айналымында болған күмістен, алтыннан (дирхемдер) жасалған теңгенің даму тарихымен таныстыру және бүгінгі ұлттық валютамыздың маңыздылығын кеңінен насихаттау.
Әнұран, ту және елтаңба сияқты ұлттық валюта да мемлекеттік нышандардың қатарына жатады. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев:«Біздің еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жарқын туындысы – біздің астанамызда теңгенің алғашқы пайда болуы, халықтың және болашақ ұрпақтың игілігіне қызмет етсін» деп айтқанындай, бүгінде ұлттық валюта халқымыздың игілігіне жарауда.
Ұлттық валюта күні мерекесінің ерекшелігі мен тойлану барысы туралы топ студенті Қанымғазы Нұрасыл жасаған баяндамасында Елбасымыздың 1993 жылғы 12 қарашадағы жарлығымен сол жылы 15 қарашада ұлттық валютаның енгізілгендігін және қазақ теңгесінің Англияда басылғанына тоқталып, ұлттық теңгеміздің көрінісін сипаттап өтті. Ұлттық валютаның қабылданылуы тәуелсіздігіміздің заңды құбылыс деп сөзін қорытындылады.
Физика мамандығының 1-курс cтуденті Азат Еркежан тарихи мәліметтерге сүйене отырып «Ұлттық валюта – теңге тәуелсіздігіміздің тұмары» деген тақырыпта баяндама жасады. Студент баяндамасында қоғамның ілгері дамуы жолында оның ішкі-сыртқы саясаты, экономикалық заңдарының тұрақты болып, әлемдік сауда-саттық жүйесімен байланысты болуы, сол қоғамның жоғары деңгейде көрсеткіші ретінде күмістен, мыстан соғылған теңгелердің рөлінің ерекшелігіне тоқталды. Ұлы Жібек сауда жолдары арқылы мәдениеттің ұлы ордалары бой көтеріп, әуелде айырбас түрінде, кейінірек күмістен, алтыннан, мыстан жасалған теңгелер сауда-саттық жасауда қазақ даласында материалдық және рухани игіліктерді дамытуға мол үлес қосқандығы туралы тарихи мәліметтер келтірді.
Қазақстандық ақшалардың өз атауы терең тамырланған. XV ғасырдың басында Отырар мен оның айналасында үш дәрежелі тәңге атты күміс мәнеттері пайдаланылды. Негізгі атауы тәңге, оның ширегі – мір, ал он екіден бір бөлігі – тәңгеше деп аталынды. ХVI ғасырда Қазақ хандығының теңгелері Ташкентте соғылды. ХVI-ХVIІ ғасырларда мыс, бақыр теңгелердің бір бөлігі Ясыда құйылды. Теңгелердегі қазақтар арасында қолданылып келген күміс ақша 1 теңге ертеректе 50 пұлға тең болған. Күміс теңге күмістен не күміс араласқан дәрежесі әртүрлі металдардан жасалған(тиын сом). Қазақ даласында күміс теңгелер Россияға қосылғаннан кейін көп тараған. Бір ғажайыбы мұндай теңгелердің халық қолына түскендері революциядан бұрынғы кезде әйелдердің шашбауына, шолпысына, киім өңірлеріне тағып жүретін сәндік бұйымдарына жаратылып келді.Үйдің негізін қалағанда ірге тастың жататын шұңқырына күміс теңге тастау салты осы үйге, үй иесіне ақ тілегендік. «Базар – теңгеліге базар, теңгесізге – назар деп теңгенің қолданылуы туралы тарихи мәліметтермен қорытындылады.
Студент Аманжол Арайлым өзінің жасаған баяндамасында теңгенің қабылдану процессін айшықтап берді: «Ұлттық валютаның бекуі ел экономикасының аяғынан нық тұруына да септігін тигізді деп сөзін бастап, сол кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы құпия түрде арнайы топты жинады да, ақшаның дизайнын жасатуға Англияға жібереді деп көрсетті. Лондонда жасалған теңгеміз 1993 жылы қарашада кеңес ақшаларын теңгеге ауыстыру жөнiнде шешiм қабылданды. 15 қараша күні таңертеңнен бастап құрамында қауiпсiздiк қызметi мен iшкi iстер органдарынан, облыс әкiмдiгiнен, Ұлттық банк өкiлдерi бар арнайы комиссия жаңа ақшаны жан-жаққа бөлініп, республиканың барлық аймақтарына тарағандығына тоқталып өтті.
Тәуелсіз Қазақстанда Ұлттық валютамыздың болуы Қазақстанның тәуелсіз республика екендігінің тағы да бір дәлелі болып табылады.Ұлттық теңгеміздің тарихын білу ол әр қазақстандық азаматқа тән, себебі теңге біздің қазіргі өміріміздің басты айналымы. Біздің ұлтық валютамыз тәуелсіздігіміздің нақты көзі, дербес ел болғанымыздың белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне берумен теңдей. Тәрбие сағатында студенттер өлең-шумақтарын оқып, ұлттық валютаның тарихына байланысты құрылған викториналық сұрақтарға жауап беріп, ән мен нақышына келтіріп домбырамен күй орындады.
Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Ол барлық уақытта тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді. Теңге – тәуелсіздігіміздің тұмары.
Әл -Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Г.Б. Қозғамбаева
2-ші курс магистранты
Қалиасқарова М.С.