Ұлттық спортқа насихат керек
блог
Қазіргі таңда төрткүл дүниенің бар назары спорт жағына ауғаны баршамызға айтпаса да түсінікті. Футбол біріншіліктерін қоспағанда, әлемдік додалар, олимпиада ойындары, мундиальдар, чемпионаттарды тамашаламайтын адамдар кем де кем. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын, бірде-бір спорт додаларын жібермей қарайтын көрермендердің де қарасы көп. Бұл әрине қуанарлықтай жайт. Себебі елдің намысы сынға түсіп жатқанда оған қалың көпшіліктің назар аударып, қолдау білдіріп, жанкүйерлік танытуы нағыз елдіктің нышаны деп білемін. Қазақ еліміз егемендігін алғаннан бері спорт тарихында өшпестей із қалдырды. Кейде көштің басын бастап, көк туымызды әуеде желбіреттік те. Құдайға шүкір, тауымыз әзірше шағылған жоқ. Бүкіл адамзаттың назарын аударататын олимпиада ойындарынан ешқашанда қоржынымыз бос келген емес, әлемдік сан түрлі додалардан да біраз майланды.
Қазақ негізі мәдениетпен қатар спорттық ойындарға да бай мемлекет, аттарын айтып та тауыса алмайсың. Қазақша күрес, асық, көкпар, бәйге, аламан, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, асау үйрету, қыз қуу және тағы сол сияқты. Ойынның көп болғаны, әрине жақсы, бірақ әттең, жарнама жоқ. Олимпиада ойындарының қатарына қазақтың ұлттық ойындары неге кірмеске? Кіруге толықтай мүмкіндік бар, бірақ өте көп еңбекті қажет етеді. Мәселен, қазақ күресі. Қазақ күресінің басқа жекпе-жектерден басты ерекшелігі, мұнда белбеуден ұстап, шалту әдістері көптеп қолданылған. Бұл белдесуді қазақтар «қоян-қолтық ұстасу» деп атайды. Бұрын қазақша күрес «Күш атасын танымайды» деген түсінікпен салмағына, дәрежесіне, жасына қарамай өткізіле берген. Тіпті, ағасы мен інісі күресіп қалатын кезі де болған. Сондай-ақ, күрестің белгілі бір жүйеге түскен белдесу ережесі де болмаған. Күреске түскендер үлкен-кішілігіне қарамай, қайсысы күшті болса, сол жеңіске жеткен. Ал қазіргі уақытта заман талабына сай ережелерге біраз өзгертулер енгізілген.
Қазақ спорты дегенде, есімізге қазақша күрес оралады. Осы спорт түрінің олимпиада ойындарына қосылуы еліміз үшін үлкен мақтаныш, зор абырой. Бұл арманның жүзеге асуына да аз ғана уақыт қалды. Олай деуіміздің де себебі бар. Жақында ғана Vesti.kz сайтының хабарлауы бойынша, 2014 жылы, қыркүйек айының соңғы күндерінде, Оңтүстік Кореяның Инчхон атты қаласында өтетін Азия ойындарының бағдарламалар қатарына қазақ күресінің енуі әбден мүмкін. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай үлкен нәтиже. Бүкіләлемдік қазақша күрес федерациясының президенті Серік Түкеевтің айтуы бойынша, бұл жетістік ұлттық спортымыз үшін Олимпиада ойындарының қатарына енуге себеп болатын бірден-бір мысал. Түкеевтің айтуы бойынша, Олимпиада ойындарына ену үшін кем дегенде 63 ұлттық федерациялардың басын қосып, жұмыс жасау керек. Ал қазіргі уақытта 30-ға жуық ұйым бірігіп, жұмыстарын да бастап кеткен екен. Осы қарқынмен жұмысты жалғастыра берсе, түбінде көздеген бұл мақсатымызға да жетеріміз анық.
Қазаққа бұл күнде не жетіспейді? Егемендігімізді алып, жаңарып, қарқындап өсудеміз. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына да жақында қосылуымыз әбден мүмкін. Алып мемлекеттермен санасарлықтай дәрежеге жетіп те үлгердік. Бірақ қазақты қазақ етіп көрсететін, қазақты қазақ етіп танытатын нақты бір ұлттық символ, құндылығымызды белгілей не таңдай алмай жүрміз. Қазақ дегенде көз алдымызға қымыз, киіз үй, қазақша күрес және тағы да басқа нәрселер елестейді. Кеше ғана қымыз қазақ елінің төл туындысы деп мақтанышпен айтып жүретін едік. Ал қазіргі сәтте сонау Герман жұртшылығы да бұл өнімнің бастауы сол жақтан шыққанын өз фактілерімен дәлелдеуге тырысуда. Өкінішті-ақ, осындай асыл құндылықтарымызды өзіміз бағалай алмағандығымыз. Басты мәселе ұлттық туындыларымыз бен өнерімізді насихаттай білмеуімізде. Бізге жарнама ауадай керек. Бұл қарқынмен жалғаса берсе мәдениетімізден толықтай айырылып қалу қаупіне душар болмақпыз. Ұлттық туындыларымызға көз алартып, плагиатизм жасауға дайын тұрған өзге мемлекеттер өте көп. Тоқтау жасап, насихатты арттырмасақ, төл спортымыз қазақ күресінің де өзге мемлекеттің сиволына айналмағына кім кепіл?