Ұлттық өнім - ұлттық ас!

Ұлттық өнім - ұлттық ас!
жеке
блог

   

   Қазақ елі асты өте жоғары бағалаған. Ел-жұрт жадында мәңгі жатталып қалған «ас – адамның арқауы» деген қағида осындай терең ұғымның түсінігі болып қалыптасқан. Бұл жобада қазақ халқының өмірінде маңызды рөл атқаратын мал шаруашылығының, соның ішінде «Зеңгі баба»  деп пір тұтқан сиыр  сүтінен жасалатын осы заманға дейін жеткен және көпшілікке таныс негізгі түрлерінің бірі құрт туралы  айтқым келді.

   Қазақ халқы асты үш түрге бөледі. Олар ақ (сүт тағамдары), қызыл (ет тағамдары) және көк (жеміс тағамдары).Мал және онан алынатын өнімдер қазақтың басты байлық қоры. Соның ішінде ұлт тағамдарының негізгі көзі болып табылатын сүттің орны бір бөлек. Осы сүттен бірнеше мыңдаған жылдар бойы халық аса бай тәжірибе жинақтай жүре, одан жүзден астам тамақ түрлері мен дайындау әдістерін жасаған. 

   Қоғамның қарыштап дамып, адамдардың талғамының өзгеруіне сай халықтың ұлттық тағамдарға деген сұранысы да өзгерді. Бұған себеп басқа елден келген астардың көбеюі. Бірақ, бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін зерттеушілердің өзі дәлелдеп отыр. Бізде ұлттық тағамдардың ұмыт болып бара жатқаны шындық. Жобаның негізгі мақсаты осы ұлттық тағамдарымыздың ішіндегі кенеулісі  болып табылатын құрттың қасиетін өзіне қайтарып беру. Құрттың қайтадан кең қолданысқа түсуіне ықпал ету. Сол себепті құрт туралы деректер жинауға ұмтылдым.

   Қазіргі кезде балалар  әртүрлі сағыздар мен  шоколодтарды әсіресе, киндер сюрприз, синикерстерді көп пайдаланады. Бұл тағамдардың пайдасынан зияны басым екенін зерттеушілер дәлелдеп қойған. Міне, осы секілді басқа елден келген астардың көпшілігінің пайдасынан зияны басым болса да, барлық  дүкендерде осы тағамдар сатылады, ал өзіміздің  ұлттық тағамдарымызды еш дүкеннен таба алмайсың. Тек құртты ғана санаулы дүкендерден табуға болады.

     Құрттың  халық тарихымен жасасып келе жатқан ұлттық тағам  екеніне және құртты  үнемі қолдануда үлкен мән – мағына бар екеніне көз жеткіздім. Алдымызға  қойған мақсат – мектеп оқушыларына сиыр сүтінен жасалған құрт тағамы жайында толығырақ мәлімет беру және оның  пайдасын, түрлерін   насихаттау. Осы еңбектің  нәтижесі ретінде  болашақта дүкен сөрелерінен балаларға арналған әртүрлі тәттілер мен сағыздар сияқты балалар еркін сатып алатындай құрттың әр түрі болса деп ойлаймын.