Ұлттық кодты ояту
блог
Жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінің өзіне сай болмысы, тұлғасы болатыны сияқты ұлттар мен халықтар да өзіндік құндылықтарға ие. Олай болса, тіршіліктің мәні- өзін танымақтық деуге болады. Жабайы табиғатта жануарлардың көз ашысымен өз міндетін, қажеттілігін әлдеқашан біліп, бүкіл дүниеден сыралғыдай өмір қозғалысына ілесіп кете беретіні қызық. Мұның себебі инстинктпен түсіндіріледі. Таңқаларлығы, ондай сезім адамдарда да бар. Тамырынан қол үзіп, көміліп қалған көмескі қасиеттер асыл бұлағымен суарылып, нәр алған кезінде ғана өркен жайып, гүлдейді. Қазірде болашаққа бағдар берген “рухани жаңғыру” бетбұрыс бағдарламасының да мүддесі- бұл. Келешекке нұсқауды тарихтан іздеу орынды. Осы ретте, өткен ғасырлардағы қазақ зиялыларының да ағартушылық қызметтерінің бүгінгі күннің ұлттық идеясымен үндесетіндігін байқауға болады.
Мәселен, қазақ баспасөзінің тұнғыштарының бірі Дала уәлаятының газеті. Менің санамда бұл газет қарама-қайшы екі бөлек мақсатты, екі түрлі пікірді тоғыстыратындығымен ерекше. Оның ресми бөлімі патша үкіметінің реакцияшыл, отаршыл саясатының ықпалында болса, бейресми бөлімі тұрмыстық, ғылыми, әдеби, мәдени жаңалықтарымен халықтың көзін ашып “қарлығаш қанатымен су сепкендей“ болады. Газетте қызмет еткен М.Сералин, А.Құрманбаев, Қ.Жапанов, т.б қайраткерлердің қазақты орыс халқының әдебиеті мен олардың аудармаларымен таныстыра отырып, соның ішінде, “қазақтың ауызша шығармаларына” ерекше екпін беріп, оны жинақтап таратуға Ш.Айманов, Б.Адықов, Р.Дүйсенбаев сияқты арнайы тілшілерді жұмылдырғаны белгілі. Өз кезегінде ол шаруа үлкен маңызға ие болды. Өйткені, фольклор тек әдебиетті ғана емес, бүкіл тұрмысты, әдет-ғұрып, наным-сенім, салт-сана ұғымдарын арқалайды.
Газеттің мұндағы мақсұты ауыз әдебиеті дейтін таусылмас қазынадан заңды мұрагерлері мына біздерге ’’есебін тауып енші беру’’ еді. Сөйтіп, Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян Сұлудың пәк махаббаты мен Бозжігіт, Қамбар батырлардың ерліктері, Жиреншенің даналығы мен Алдар Көсенің тапқырлығы, Қожанасырдың аңғалдығы арқылы халықтың жүрегіндегі ұлттық кодты түртіп ояту. Қазақтың шілдеханасынан жоқтауына дейінгі бүкіл ғұмырын, ауыз әдебиетте сақталып келген тарихын, құндылығын, көзқарасы мен даналығын алтын сандыққа салып тарту етуі “Дала уәлаятының газетінің” ұлы далаға дала руханиятын жеткізу, яғни өз-өзін таныту жолындағы елеусіз де ірі ісі еді.