Ұлттық аспаптар жайында біле жүріңіз

Қазақтың біртуар тұлғасы Мұхтар Әуезов еліміздің музыка өнері жайында «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген екен. Расында да, қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайтын бірегей мәдени мұрасы. Бұл халқымыздың дәстүрлі музыка өнері атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан рухани-мәдени байлығы.

Қазақ халқының  музыкалық аспаптарының шығу тарихы сонау ықылым замандардан ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фарабидің тарихи зерттеу-жазбаларынан бастау алады. Заман ағымына байланысты аспаптар өзгеріске ұшырап, бірде шарықтап, бірде ұмыт қалып жатты. Уақыт өте келе оның қайта жандануына Шоқан Уәлиханов, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Өзбекәлі Жәнібек секілді өзге тағы басқа ұлт жанашырлары ықпал етсе, қазақтың тұңғыш аспаптанушы ғалымы Болат Сарыбаев үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Музыкалық аспаптар этно-археологиялық және тарихи-этнографиялық тұрғыда зерделегенде олардың дыбыс шығару қасиетімен қоса, халық болмыс-салтымен бірге қалыптасқан тұрмыстық құрал ретіндегі ерекшеліктері айқындалды. Одардың басым көпшілігі әу бастан музыкалық аспап ретінде емес, тұрмыстық деңгейде қолданылған құрал, бұйым ретінде пайда болған. Бертін келе олар түрлеріне қарай бөлініп, соқпалы-шулы, сылдырлы, үрлемелі, ыспалы, ішекті-шертпелі, көп ішекті, ұрмалы аспаптар болып жіктелді.

Зерттеу жұмыстары нәтижесінде ұлт аспаптары бір жүйеге келтіріліп, бүгінде кеңінен насихатталып келеді. Алайда, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген заманда ел өмірі мен тарихының, өнері мен мәдениетінің ажырамас байлығы саналатын дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың анықтама-дерегін біреу білсе, біреу білмейді. Сол себептен де бүгінгі бағдарламамызда төл мұрамыз қазақ халқының музыкалық аспаптары жайлы сөз қозғалады.

Бағдарлама барысында ұлттық аспаптардың шығу тарихы мен аңыз-әңгімелері жайында баяндалып, әр аспаптың мүмкіншілігі мен оның ойнау әдіс-тәсілдері көрсетіледі. 


Бағдарламаға қатысқандар:
Зәбира Жәкішева
Нұрлан Абдрахманов
Шамшимов Тұрсынбай
Мұрат Әбуғазы
Гүлбаршын Дабысқалиева
Әйгерім Қарсақбаева
Қорлан Картенбаева
Нұртас Қайрат
Аида Жаханбек
Азамат Жаханбек
Жамиля Жұмағалиева

Мәтінді оқыған: Шамшаддин Омар
Бейнеператор: Ұлан Дүйсенбай
Продюсер: Ғазиза Ұзақ

"Қазақ халқының салт-дәстүрлері" бағдарламасын 30 тамызда, сағат 22:20-да СТВ арнасынан тамашалай аласыздар. Қайталауы: Жексенбі, 1 қыркүйек сағат 19:00-да; дүйсенбі, 2 қыркүйек 22:20-да.


Бағдарлама түсірілім жұмыстарына ат салысқаны үшін Қазақ халық музыкалық
аспаптары музейіне, Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы
академиялық халық аспаптары оркестріне, «Алма-Ата» қонақүйіне, Алматы
Оқушылар Сарайына алғыс білдіреміз.

Stv-online.kz



Бөлісу: