Ұлттық арна - ұлылардың арнасы!

Ұлттық арна -  ұлылардың арнасы!
жеке
блог

 Сенбіні пайдаланып, көптен ойымда жүрген жазбамды қалдырайыншы, сәлем достар!

Қазір ғана осы жерден оқыдым, теледидар мен интернет пайдаланушыларды салыстырған мәлімет бойынша, теледидарды әлеуметтік желілерге айырбастағандар саны әлдеқайда көпке ұқсайды. Ал, мен анда-санда интернетке бас сұққаным болмаса, көк сандыққа телміретінім жиі-жиі. Отандық телеарналар, соның ішінде Қазақстан Ұлттық арнасы менің қызыға қарап, көп бағдарламасын сүйсіне көретін - арнам. Атап айтар болсам, бірінші қорытынды жаңалығын тыңдаймын тапжылмай, "Апта.kz"-і бар, "Арнайы репортажы", "Жан жылуы", "Өзекжарды", "Риясыз әңгіме"-лерін жіберіп алмауға тырысамын. Осы бағдарламалар басталса, миым тынығып, кірпік қақпай көре аламын. Неге, өйткені тележүргізушілері білікті мамандар, нағыз таланттар. Тыңдарманды тыңдата алады, тыпыр еткізбей. Жаңалық пен "Апта.kz" тілшілерінің сөз саптауы, жаңалық тізбесіне сай сұрыпталған сыни сөздері сырқырап сүйектен өтіп, жақсы жаңалықтары жүрекке жетеді. Мәселен, аға буынды айтпағанда, жанып тұрған жастар дейін, Мейіржан Әлібекұлы, Нуриддин Бидосов, Әуесбайдың Қанаты, Айбек Қобдабай, Нұрбек Бекбау, Есболат Айдабосындар тісқаққан, қара қылды қақ жаратын тізгіншілер болса, Гүлназ Әлімгерей мен Жайнагүл Төлемістер шоқтығы биік жүргізушілердің бір төбесі. Атын атап, түрін түстемей-ақ оқу шеберлігінен, дикцияларынан жазбай танисың. Жаңалықты жеткізуде қазақтың мақал-мәтелдері мен қанатты сөздерін жиі һәм орынды пайдаланып, ерекше мәтін жасайды. "Алдымен пара бер, жұмысыңа бара бер!", "Киікті атпа, қазақтығыңды сақта!" сияқты сындарынан адам сүрінердей. Ал, "Жан жылуын" көріп жүрегім елжіресе, "Риясыз әңгімені" мұқият тыңдай аламын. Тағы бір ерекше тәнті болып көретін "Айгөлегім" айдай сұлу бүлдіршіндердің алып мекені. Еркеш, Әлихан және Назым балақайлар өнерді түсіне білетін, болашақ жұлдыздар. Міне, осылар үшін, құнды сөздері үшін, тәтті қылықтары үшін көремін Ұлттық арнаны.

Ұлттық арнамыз - Ұлылардың арнасына айналсын, ағайын. Ұлттық арна қосулы болсын!)