Әр елдің, әр халықтың әрісі тереңнен тартар қалыптасу, даму, жетілу өркениетіне лайық өз тарихы бар. Соны зерттейтін де, зерделейтін де көкірегіне ұлттық рух ұялаған тарихшылар қауымы. Жүрегі "елім" деп соққан нағыз тұлғалы тарихшыларымыздың бірі - Талас Омарбеков еді. Нағыз тұлғалы дейтініміз - ғалымның қазақ, Қазақстан тарихын деректер мен дәйектер арқылы шежірелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Өткен ғасырдағы қылышынан қан сорғалаған тоталитарлық жүйе таңбалаған ақтаңдақтарды зерделеп, қазақтың ру-тайпалық құрылымының ерекшелігін даралап, тарихи кезеңдерді сол уақыт тағылымына сай зерттеу барысында өз мектебін қалыптастырып үлгерген ғалым. Ол сол мектеп аясында Қазақ тарихына жаңа көзқарас қалыптастырып, тарих пен тарихнаманы заманауи тұжырымдар негізінде байытуға баса назар аударды. Уақыт ағымына ілесіп, ғылымға да, ұстаздық ұлағатқа да ерекше ден қойған болатын. Халықтың тұтастығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі, азаттық жолындағы күреске бастаған қазақ батырлары, билеушілері, би-шешендері, зиялыларын, көш басында тұрған аса ірі саяси жетекшілер Т.Омарбеков қаламынан тыс қалған емес. Ұлт тарихын орнықтыруға тікелей үлес қоса отырып, жаңаша талғам, тәуелсіз ел көзқарасы негізінде, ұрпақ танымына лайық бағытты қайта қарастырылуына өзі ұйтқы бола жүріп, қаншама ғылыми зерттеу еңбектерін дүниеге әкелді. Бұл биікке көтерілу талғампаз ғалымның алдынан шыға қалған даңғайыр даңғал емес еді. Талас Омарбеков егемен еліміздің алғашқы күндерінен бастап өзінің зерттеулерімен қалың көпшіліктің, ғылыми жұртшылықтың назарына ілінген тарихшы болатын. Оның еңбегі мынада деп ойлаймын: Ол ең алдыменен бұрыңғы маркстік-лениндік методологиядан бас тартып, жаңа өркениеттік принциптерге негізделген әдістемені ұсынды. Өзінің зерттеулерін таптық емес, жаңаша принциптерге негіздеп жазды. Қазақстан тарихының ең өзекті, ең көкейкесті мәселелерін, бұрын соңды тарихымызда айтылмаған мәселелерді көтерді. Ол ең алдымен аштық мәселесі болатын. Және сол кезеңдегі аштыққа қарсы болған халық наразылықтарын, халық көтерілістерін батыл жазды. Міне осы еңбектеріменен ол отандық тарих ғылымын бір табан алға жылжытты. Сондай-ақ Талас Омарбекұлы өзінің осы ұстанымдарын тек қана жазып қана қоймай, өзінің шәкірттерін үйреткен. Тәкеңнің ғылыми жетекшілігімен 35 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы және 3 PhD докторлары өз еңбектерін сәтті қорғаған еді. Ал, Тәкеннің қаламынан 800- ден аса ғылыми еңбек, оның ішінде 30 монография, 20 оқулық дүниеге келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ғалым Ұлы даланың дара тұлғаларына арнап «Қазақ хандары» атты танымдық жинақ құрастырған болатын. Онда автор Қазақ хандығының қилы тарихы, тарихи белестері, Керей, Жәнібек, Бұрындық, Қасым, Ақназар, Тәуекел, Тәуке, Абылай, Кенесарыға дейінгі атақты билеушілердің өмірі мен еліне сіңірген елеулі қызметтері тарихи жазба және ауызша тарих айту дәстүрінің тамаша үлгілерінің негізінде зерделеп, бүгінгі жас ұрпақтың танымын кеңейтуге септігін тигізген болатын. Талас Омарбековтың «Қазақ түркілерінің мемлекеттілігі: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны» атты монографиялық еңбегінде арғы түріктерден бастап Қазақстанның ұлан-ғайыр территорриясында өмір сүрген қағанаттар мен ұлыстар, хандықтардың тарихи кезеңдері бірізді, нақты деректермен зерделенген. Онда Қазақ хандығының ұлттық негіздегі мемлекеттілігінің қалыптасуы, дамуы мен отарлық қамытын кие жүріп, тәуелсіздік үшін күрес мәселелері сипатталған. Бұл еңбектегі басты ерекшелік - автордың тарихи дерек көздеріне жүгіне отырып компьютерлік технологиямен жасаған тарихи карталарының тұңғыш рет көпшілік назарына ұсынылғандығы. Сонымен қатар, автор Ұлы даланың Ұлы билеушілерінің суреттерін асқан шеберлікпен өз қолымен салып, жариялауы ұрпаққа үлгі, жеткіншектерге өнеге болды. Бұндай дүниелерді жазып, жариялау адамның еш демалмағандығын, тек қана архив және жазу үстелінде отырғандығын көрсетеді. Тәкен бүкіл өмірін тарихқа арнады, бірақ өкінішке орай сұм ажал Тәкен сияқты асыл азаматты өзімен бірге алып кетті. Сол арқылы тарих ғылымы үлкен қазаға ұшырады. Бірақ Тәкеннің артында шәкірттері қалды, әріптестері қалды. "Ғалымның хаты өлмейді" дейді ғой қазағым, Тәкеңнің қалдырған мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетеді, тарихшылар оны ешқашан ұмытпайды. Жалпы әрбір адамның еңбегі - оған тірі кезінде қойылған ескерткіш қой. Тәкеңнің соншама еңбектері оған қойылған ескерткіш емес, пирамида деуге болады. Тәкеңнің артында қалған шәкірттері Тәкең туралы үнемі еске алып, Тәкең туралы еңбектер жазып, Тәкеңді өздерінің жүректерінде мәңгі сақтайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіміздің Құрметті кафедра меңгерушісі атанған Талас Омарбеков әлемдік деңгейдігі халықаралық жоғары рейтингке ие Канада, Үндістан, Германия, Түркия, Ресей сияқты елдердің ғылыми кеңістігінде еңбектері жарияланып, әлемге танылып үлгерген ғалым еді. Еліміздегі "Егеменді Қазақан", "Қазақ әдебиеті", "Түркістан", "Айқын", "Алматы ақшамы" басқа да Республикалық газет-журналдардың Тәкең тұрақты авторларының бірегейі еді. Бірегей дейтініміз - тарихи шындықтан ауытқу ол кісінің мінезіне жат еді. Талас Омарбеков әл-Фараби атындағы Ұлттық оқу ордасының мақтанышына айналған пайымды да парасатты тұлға еді. Көзі қарақты кез келген Қазақстандық немесе түркі дүниесі азаматтары Талас Омарбековтың сүбелі еңбектері қақында ойларын кеңінен толғай алады. Өйткені, ол тарихпен танылған тұлға. Ұлт тарихының тарланы еді!
Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Тарих факультеті, Қазақстан тарихы
кафедрасының меңгерушісі
профессор, тарих ғылымдарының докторы