Ұлт футболының бүгіні мен ертеңі

Жалпы, бүгінгі қазақ футболындағы түйткілді мәселелер ақырын өз шешімін тауып келе жатқандығын ауыз толтырып айтуға болады. 

Қазақ аяқдопшыларының ел футболының мәртебесінің жоғарылауына атқарып жүрген еңбектері ерен.  Еліміздің футбол тарихында бұрын-соңды болмаған ірі табыстарға қол жеткізуі соның айғағы. Бүгінде еліміздің клубтық командалары еурокубок бәсекелерінен бой көрсете бастады. Мәселен, "Астана" футбол командасы былтырғы жылы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Биылғы маусымда Уефа Еуропа Лигасының топтық кезең ойындарынақатысу құқығына ие болды. Мұны ел футболы тарихының жарқын беттері десек те болады. Еуропаның маңдайалды клубтарымен жасыл алаңда доп тебу аяқдопшыларымыздың тәжірибесінің толысуымен қатар, әлем футболында бәсекелестікті арттырары сөзсіз. 

"Астана" Еурокубок ойындарымен қатар ішкі чемпионатта да өздерінің жарқын ойын үлгілерімен есте қалуда. Шағын футболдан "Қайраттың" ойынын ерекше атап өткен жөн болар. Бұл клубтың да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Атап айтсақ, шағын футболдан бірнеше дүркін ел чемпиондары, шағын футболдан Қазақстан кубогінің және суперкубогының иегерлері, шағын футболдан УЕФА кубогының жеңімпазы және қола жүлдегері, Әлем суперкубогының иегері және финалистері, Еременко кубогының екі дүркін жеңімпаздары. Міне, осындай ірі атақтарға  қол жеткізген азулы құрама. 

2015 жылы сенсациялық түрде Еуропа чемпионатының қола жүлдесін қанжығаларына байлады. Биылғы жылы футзалдан Әлем чемпионаты жолдама алып, алғашқы кезесулерін бастап та кетті. "Қайрат" бүгінде шағын футболдан Ресей, Испания, Португалия, Бразилия сынды футболы жоғары қарқынмен дамып келе жатқан елдердің клубтарымен терезесі тең ойын өрнегін көрсетіп жүр. 

Ұлттық құраманың жай-күйіне тоқталсақ, құрамамыздың ойыны бірқалыпты ойын жүйесіне келеді депайту қиын. Ойын барысында тактикалық шикіліктер, футболшыларымыздың психологиялық, физиологиялық әлсіздігі байқалады. Бірақ бұл кемшіліктердің уақыт өте орны толатынына сенімдіміз. Өйткені жақсы доп теуіп жүрген қазақтың қарадомалақ батырлары пайда болуда. Ұлттық құраманың тізгінін ұстап жүрген жаттықтырушылар жаңаша бағытта футболшыларды дайындауды қолға алып жатыр. 

2018 жылы Ресейде футболдан Әлем чемпионаты жалауын желбіретеді. Оған іріктеу ойындары басталып кетті. Құрама жігіттеріне тек қана сәттілік. Әрине, Әлем чемпионатына жолдама алу қиынға соғары анық. Әлем чемпионатының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болары хақ. 

Елімізде кейбір ірі орталықтарда шетелдік еуропалық клубтардың жеке мектептері бой көтеруде. Бұл да қазақ футболының дамуына жасалып жатқан алғышарттардың бірі. 

Елімізде жап-жақсы доп теуіп жүрген жас өрендеріміз шетелдік акдемиялық мектептерден тәлім алып, біліктіліктері мен тәжірибелерін шыңдауда. Бұл да қазақ футболына зор назар аударғанның бірден-бір дәлелі. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінде футбол секциялары мен талапқа сай жасыл алаңдардың құрылысы көбейіп келеді. Жалпы, ел футболының болашағында ілгерілеушілік бары анық байқалады. Тек ашылмай жүрген жас таланттарға дұрыс бағыт-бағдар берілсе болғаны. Қазақ футболының бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері осындай. Алдағы уақыттарда футбол клубтарымыздың және ұлттық құрамамыздың жолына үлкен үмітпен қараймыз.

Бекет Айсұлтан,

Журналистика факультетінің 2-курс студенті.

 

 



Бөлісу: