Кеше үйге келсем, жеңгем алдымнан долданып шықты. Маған емес, өзінің қызына ашуланған.
- Білесің бе, сіңліңнің не бүлдіргенін?
- Не бүлдіріпті?
- Ұлдармен дос болып жүр.
Мәссаған... Сөйтсем, сіңлім аулада кілең ұлдармен ойнайды екен. Садиктегі достары да еркектер қауымынан екен. Далаға шыққан кезде көрші бала жеңешеме "мен сенің қызыңды жақсы көрем" депті....
Содан жеңешем сіңлімді ортаға алып, ара-тұра түйіп-түйіп жіберіп, "ұлдармен ойнауға болмайтыны" туралы бір сағат мароль оқыды. Кішкентайдың жасы 5-те. Ұл-қыз деп айыратын жасқа жетті ме, жоқ па, білмеймін. Содан ағам келді. Ағам қызының "тәртібіне" қатты қарайтын адам. Ол да ұлдардың "ата жау" екені туралы біраз ақыл айтты.
Сосын кезек маған келді. Аға-жеңгем "сен бірдеңе десеңші, сені тыңдайды ғой" дейді. Бірдеңе дегім келіп отыр-ау, бірақ менің дегенім олардың көңілінен шықпайды. Естілер-естілмес қылып, "ұлдармен ойнай берсін" дедім. Жеңгемнің ауызы ашылып, не айтарын білмей қалды ғой. "Мен не дейм, домбырам не дейді" деп, мені оқытуға кірісті.
Сосын келіп ойлаймын, "ұлдармен ойнағанда не тұр?" деп. Өзім де мектеп жасына дейін кілең ұлдармен ойнаған едім. Өйткені көршілерімнің мен қатарлы балаларының бәрі ұлдар болды. Айтпақшы, бір қыз болған екен ғой. Сөзім ауыр болмасын, марқұм болып кетті, "әдемі" сөздердің түбін түсіретін, төбелестің неше тәсілін білетін еркекшора еді.
Бірақ... мектепке барған кезде үйдегілер менің ұлдармен дос болуымды құптамады. Тек студент атанған кезде ғана олардың ата жауым еместігін толық түсіне бастадым ғой деймін. Қазір бір ғана қыз досым бар, қалғаны жігіттер. Бәрі де мектептен кейін достасқанмын. Жалпы, сіздер ата-ананың баланың дос таңдауына араласуына қалай қарайсыздар? Әрине, ешкім өз баласына жамандық ойламайды. Бірақ біреуді біреуге зорлап достастыруға бола ма? Зорлап демекші, мектепте бір қыздың анасы менімен қызын зорлағандай қылып достастырды. Ол мені көргісі келмейді, мен онымен мамасына ғана бола сөйлесемін. Қазір көрсем, қатты ұяламын. Біздер ақыры дос бола алмай кеттік қой....
Сурет theworldasiseeitlynn.blogspot.com мен materinstvo.ru алынды.