ҮЛКЕНДЕРДІҢ ҮЛГІСІ
блог
«Дос» деген сөзді естігенімде әкемнің досы Жандос аға есіме түсті. Екеуінің мінез-құлықтары соншалықты ұқсас болатын.Екеуі бір-бірін әрқашан іздейтін. Екеуі бір-бірінің бастарына түскен қайғысы мен қасіреттерін бірге көтеруге әрдайым даяр болатын.Атына заты сай Жандос аға өмірде де әкеме жан дос болып өткен жан. Жандос аға ақ көніл, ақ жарқын, қонақжай, достары көп кісі болатын. Досына қарап адамды танитынын ескерсек, адам өзі қандай болса, дәл сондай адамға кездеседі екен. Және бір ғажабы табиғаты, жандүниесі өзіне ұқсас адамды өзіне жақын тартады екен. Бәріміз 10 шақты отбасы болып жиналып, Ыстықкөлге, Алакөлге,т.с.с барғанымыз есімде. Барлық барған жерде Жандос ағаны сыйлайтын кісілер алдымыздан қарсы алып, кәдімгідей құда-жекжат күткендей күтіп , шығарып салатын. Сондай жазғы серуендердің бірінде Жандос аға мен әкем екеуінің бірге балық аулап, кәуап пісіріп, жарқылдап-күліп, мәз-майрам боп отырғандары көз алдымда.
Екеуі қалай жақсы араласса балаларының да сондай жақын араласып, сыйлас-қимас дос болғандарын қалайтын. Әкелеріміздің армандары жүзеге асты деп ойлаймын. Біз Жандос ағаның Айжан деген қызымен жұбымыз жазылмаған жан доспыз.
Тек өкініштісі, 1-сәуір күні Жандос Аролұлын ақтық сапарға шығарып салдық. Әкем досынан айрылып қалғанда қатты қиналды. Бұрын ешбір жаназабын сыртқа көрсетпейтін, ішкі жан сырын да, жан азабын да Жандос ағамен ғана бөлісетін. Ендігі жерде егізінің сыңарынан айрылғандай жаны жалғызсыраған әкемнің жүрегін тырнаған қайғы-қасіретін анаммен бөлісіп отырған сәтіне куә болдым: «Райхан, сенесің бе, Жандос менің қасымда жүрген сияқты, сол баяғы күлімсіреген көңілді қалпы, әдемі әзілін айтып, дастархан басында бізбен бірге шай ішіп отырған тәрізді. Күндіз де түнде де көз алдымнан кетер емес» деді даусы дірілдеп. Біздің үн-түнсіз тыңдап отырғанымызды байқап қалды да, әндете жөнелді:
«Жан досым, үстем болсын мерейің,
Әрқашан жеңісіңді көрейін.
Сырымыз да бітпесін, жырымыз да бітпесін,
Жырымыз да бітпесін!»
Әкемнің бізге қарап, «Құлындарм-ау, уақытты бағалаңдар, достықты бағалаңдар, өмірдің құнын біліңдер!» іштей айтып тұрғанын айна –қатесіз ұққандай күй кештік.
Ақылжанова Ақнұр
173-мектеп-лицейдің 11-«А» сынып оқушысы